«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғандық кәсіпкер шет тілін үйрететін авторлық курс ойлап тапты

2021 жылғы 29 Шілде
- Жетісу облысы
6302 просмотров

Талдықорғанда кәсіпкер мемлекеттің қайтарымсыз грантына ағылшын тілін оқытатын орталық ашты. Өткен жылдың қазан айынан бері 52 қатысушы курсты аяқтаған.

«EnglishNext2you» ағылшын тілі бойынша  авторлық курсының иесі кәсіпкер Райгүл Желдібаева. Ол аударма ісінің маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі. Erasmus+ халықаралық бағдарламасының екі дүркін стипендиаты.  Соңғы бес жыл бойы халықаралық қатынастар саласында Жетісу университетінде қызмет атқарған. Жеке кәсіппен айналысу себебін былай түсіндіреді.

«Халықаралық қатынастар саласында жұмыс жасаған уақытта шетелде көптеген іс- тәжірибеден өттім. Испания, Кипр, Венгрия, Түркия болдым. Онда шет тілін үйретудің көптеген методикасымен танысып, ағылшын тілін үйретудің авторлық курсын құруды мақсат еттім. Шет тілін үйренушілер үшін ыңғайлы және нәтижелі болатын бағдарлама маңызды. Сондықтан өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, қажетті кеңестерді алдым. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау Бизнес» жобасына жазылдым. Оқуымды сәтті аяқтап, сертификат иемдендім. Комиссия мүшелерінің алдында бизнес-жобамды ойдағыдай қорғап, 555 600 теңгелік қайтарымсыз грантқа ие болдым», - деп атап өтті кәсіпкер.

Авторлық курс оқушыларға тілді бірден IELTS ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесіне бейімдеп үйретуге бағытталған. Кәсіби бағдарланған ағылшын тіліне мектеп оқушылары, студенттер мен ересектер қатыса алады.

Курс қатысушылары ағылшын тілінде сөйлеу, жазу, тыңдау және оқу дағдыларын шыңдайды. Бүгінгі таңда 52 қатысушы курсқа қатысып, сертификат алған. Кәсіпкер болашақта ағылшын тілін үйретумен қатар, шетелдік ЖОО түсу бойынша қызмет түрін енгізуді жоспарлауда.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 2,5 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды ескергенде 900-ге жуық бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер