«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас кәсіпкер ана кофейня ашты

2021 жылғы 15 Шілде
- Жетісу облысы
6195 просмотров

Текелі қаласында жас кәсіпкер ана Гүлдана Өміртайқызы мемлекеттік грант есебінен кофейня ашты. Бизнес нысанның ашылуына Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов қатысып, кәсіпкердің жобасына табыс тіледі.

«MELISSA» кофейнясы қаланың орталығында ашылған. Бүгінде онда 3 адам жұмыс істейді. Кофе және басқа да сусындардан бөлек, кәсіпкер барлық кондитерлік өнімдерді өзі пісіреді.

Гүлдана Қапалова – үш баланың анасы. 2020 жылы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып шықты. «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру орталығын ашу үшін қажетті жабдықтар мен құралдарды сатып алды.

«Текелі қаласында қоғамдық тамақтандыру мен қызмет көрсету саласындағы нысандарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан, кәсіпкер атанып, ісін жүргіземін деген азаматтарымыздың саны өсіп келеді. Тек биылдың өзінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды 73 адам аяқтады. 7 жоба гранттық қаржыландыруға ие болды», - деп атап өтті Текелі қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 2,5 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкерлер оқытылды. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды ескергенде 700-ден аса бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер