«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысындағы кәсіпорындардың COVID-19 қарсы екпе егу жұмыстары қарқынды

2021 жылғы 21 Сәуір
- Жетісу облысы
7836 просмотров

Алматы облысында 62 ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік кәсіпорыны COVID-19 қарсы екпе егу жұмысын бастады. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмысшы вакцинация алды.

Жалпы өңірде халық арасында екпе егу науқаны жалғасуда. 20 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның І компонентімен 101 477 адам егілді, ІІ компонентімен тағы 10 432 вакцинацияланды. Кәсіпкерлердің айтуынша, пандемия кезінде қызметкерлер мен шығарылатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитарлық бақылау шараларын сақтау жеткіліксіз, вирусты жұқтырып алмас үшін вакцина алуды қамтамасыз ету маңызды.

Соңғы аптада Алматы облысында екпе егу науқанына 62 жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы кешендерінің, сүт зауыттарының және өнеркәсіптік кәсіпорындардың ұжымдары қосылды. Осылайша, бизнес нысандары мен вакцинация пункттерінде 2,5 мыңнан астам қызметкер COVID-19қарсы  вакцинасын алды.

Екпеден бұрын дәрігерлер қызметкерлерге вакцина компонентінің артықшылықтары мен қарсы көрсетілімдері туралы кеңес береді. Вирусқа қарсы иммунитетті алғысы келетіндердің әрқайсысымен жеке сауалнама және медициналық тексеру жүргізіледі.

Облыстың еңбек ұжымдары арасында алғашқылардың бірі болып Талдықорған қаласындағы «Шымыр» ЖШС қызметкерлері екпе салдырды. Құрылыс компаниясында 100-ден астам маман бар. Осы айда қызметкерлердің 15% екпе алса, шілде айына дейін қызметкерлердің жартысынан көбі вакцинациялауды жоспарлап отыр, деді кәсіпорын директоры Руслан Валишанов.

«Сынға қарамастан, вакцина пандемиямен күресудің ең тиімді әдісі болып табылады. Өйткені оның көмегімен көптеген індеттердің емі табылды. Бұл вирусты да осылай жеңуге болады. Компанияның қызметкерлерімен бірге деніміз сау және мықты болуымыз үшін екпе жасаттым», - деп атап өтті «Шымыр» ЖШС қызметкері Надежда Базяк.

Осы күндері еліміздегі балмұздақтың ірі өндірушісі «Шин-Лайн» кәсіпорны өз қызметкерлерін вакцинациялау бойынша ауқымды науқан бастады. Кәсіпорында екпе салдыру 15 сәуірде басталып, мамыр айының соңында аяқталады. Осы уақытқа қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қоспағанда, жұмысшылардың шамамен 70% вакцинациялау жоспарлануда. Өз кезегінде компания басшылығы да екпе алған.

Кәсіпорын ұжымын вакцинациялау туралы шешім бүгінгі күні адамдарды COVID–19 жұқтырудан қорғаудың жалғыз сенімді әдісі болып табылады, әрі компанияның үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, дейді зауыт өкілдері. Бүгінгі таңда 180-ге жуық қызметкер екпе алды.

«Қызметкерлер үшін коронавирусқа қарсы иммунитетпен қорғалған ұжымдағы ауысымда болу әлдеқайда тиімді. Бұл адамдардың жеке қауіпсіздік мәселесінің шешімі. Компания өзінің әрбір қызметкерін бағалайды және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасауға әзір. Сонымен қатар, ұжымдағы вакцинация кәсіпорын экономикасына оң әсерін тигізеді, сондықтан өткен жылдағыдай карантин шараларын енгізудің қажеттілігі болмайды деп ойлаймын», - дейді «Шин-Лайн» ЖШС бас директоры Владимир Пак.

Ал Балқаш ауданында «Dinara – Ranch» агрофирмасы» ЖШС және «ДИНАРА» өндірістік кооперативінің 163 қызметкері де екпе салдырды.

«Вакцинация салдыру не салдырмай – әркімнің өз еркінде. Екпе науқаны басталған кезде біз қызметкерлер арасында түсіндіру жұмысын өткізіп, оның артықшылықтары мен қарсы көрсетілімдері туралы айттық. Көптеген жұмысшылар өзін қауіпсіз сезінуі үшін вакцина егу туралы шешім қабылдады. Біз қызметкерлердің таңдауын қолдай отырып, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы арқасында пандемияны бетін бері қарата аламыз деп санаймыз», - деді «Dinara-Ranch» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Бақыт Атайбеков.

Панфилов ауданында Қазақстан мен ТМД-дағы ірі крахмал-сірне зауыты «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС кәсіпорын базасында 600-ден астам қызметкерге COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды ұйымдастырды. Зауыт өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы «Универсал» компаниялар тобының басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Сонымен бірге, екпе егу науқанына «Food Master» ЖШС, «Аdal» ЖШС, «Astory» ЖШС, «Kagazy Recycling» ЖШС, «Efes Kazakhstan» ЖШС, «Қазгер» ЖШС, «СКТБ Гранит» ЖШС, «Kaz Glass Company» ЖШС, «Алатау құс» АҚ және басқа да көптеген ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар белсенді түрде қосылды.

Алматы облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов атап өткендей, аймақта вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ. Жалпы  Алматы облысында 239 егу пункті, 134 көшпелі бригада әзірленген. Әр пункттің өткізу қабілеті - 7 мыңнан астам адамды құрайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер