«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Алтын сапа» мен «Қазақстаннның үздік тауары» – қызметімізді ынталандырып, серпін берді – Жетісу кәсіпкерлері

2019 жылғы 21 Мамыр
- Жетісу облысы
3101 просмотров

Талдықорғанда Өңірлік коммуникациялар орталығында «Алтын сапа» президент сыйлығы мен «Қазақстаннның үздік тауары» байқауларына арналған баспасөз мәслихаты өтті

Баспасөз мәслихатына  Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының м.а. Әсет Шаяхметов,  «Dolce Pharm» бренділі «Dolce Group» ЖШС Директорлар кеңесінің төрайымы Елена Ли мен «Alugal» ЖШС бас директоры Анар Көкенова қатысты.

Бүгінде 30-дан астам кәсіпорын байқауларға қатысуға ниетті.

«Алтын сапа» сыйлығы конкурстық негізде талапкер кәсіпорынның өнімі немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері, сондай-ақ менеджмент жүйелерін енгізгені үшін жыл сайын берiледi. Байқау лауреаттарына 1 млн теңге сомадағы қаржылай сыйлық беріледі.

«Өткен жылы «Алтын сапаға» республика бойынша 182 кәсіпорын қатысып, оның 9-ы жеңімпаз атанды. Соның ішінде Алматы облысының екі компаниясы – алюминий профильдерін шығаратын «Alugal» мен балық өнімдерін шығарумен айналысатын «Рыбпром» кәсіпорны президент сыйлығын алды», – деді Әсет Шаяхметов.

Қазіргі таңда Өңірлік кәсіпкерлер палатасына «Алтын сапаға» қатысу үшін кәсіпорындардан бес өтінім келіп түсті.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына өнім сапасының орнықты жоғары деңгейін және оны жүйелі түрде жақсартуды қамтамасыз етуде оң нәтижелері бар жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға қатыса алады. Байқау үш номинация бойынша жүргізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары». Әрбір номинацияда үш-үштен жеңімпаз таңдалынады.

«Байқау дипломанттары байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта төрт жыл бойы қолдану құқығын иеленеді. Өткен жылы Талдықорғанда өткен өңірлік кезеңге 50-ден астам жергілікті компания – отандық тауар өндірушілер қатысты. Республикалық байқаудың нәтижесі бойынша 9 қазақстандық компания үздік болып атанды. Соның ішінде 3 кәсіпорын біздің облыстан», – деп атап өтті Әсет Шаяхметов.

Өткен жылғы жеңімпаздар қатарында - «DOLCE» ЖШС (фармацевтика), «Шин Лайн» ЖШС (балмұздақ пен жартылай фабрикаттар өндірісі) және «Danone Berkut» (сүт өндірісі).

Бүгінде көрме-байқауға қатысуға кәсіпкерлік субъектілерінен 30-дан астам өтінім келіп түсті.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының м.а. Әсет Шаяхметовтың айтуынша, екі байқау да қазақстандық өндірістің сапасын танымал ету үшін өткізіледі. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында кәсіпорын белгілі бір өнімді ұсынып, басқа компаниялармен тауарлар арасында бақ сынасады. Ал «Алтын сапа» байқауында кәсіпорындардың бизнес-үрдістері мен менеджмент жүйесі бағаланады.

«Байқауларға қатысуға деген қызығушылық пен танымалдылық артып келеді. Оны жыл сайын бізге түсетін өтінімдер санымен бағалауға болады. Байқауға қатысу мен онда жеңімпаз атану - компанияның сапалы, бәсекеге қабілетті және тиімді менеджменті қалыптасқан екенін көрсетеді. Кәсіпорындар үшін байқаулар – өзінің қызметін, басымдықтары мен өндіріс технологиясын таныту мүмкіндігі. Екінші тараптан атқарылған жұмысқа тәуелсіз баға алып, кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік береді», – деді спикер.

Баспасөз мәслихатының барысында жеңімпаз кәсіпорындардың басшылары - «Dolce Pharm» бренділі «Dolce Group» ЖШС Директорлар кеңесінің төрайымы Елена Ли мен «Alugal» ЖШС бас директоры Анар Көкенова байқауларға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпорындардың бүгінгі табысы жөнінде айтып берді.

Елена Лидің айтуынша, «Dolce Group» ЖШС медициналық мақсаттағы бірреттік бұйымдар мен дәрілік заттарды шығаратын ірі қазақстандық кәсіпорын болып табылады. Қазіргі таңда компания 200-ден астам өнім түрін өндіреді және тауарларды Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға экспорттайды. Табысты кәсіпорында 400-ден астам жұмысшы бар.

 «Компаниямыздың негізгі жетістігі – 2018 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаз атануы. Бұл кәсіпорын басшылары мен оның барлық қызметкерлері үшін жақсы ынталандыру болды. Байқауға қатысып, лауреат атануымыз – біздің сапалы өнім шығаратынымыздың тағы бір дәлелі. Награда компания мәртебесі мен беделін биікке шығарды. Алдағы уақытта «Алтын сапа» президент сыйлығын алу үшін тыңбай еңбек етеміз», – деп атап өтті кәсіпкер Елена Ли.

18 мамыр күні «Dolce Group» ЖШС өзінің 21 жылдығын атап өтті.

 «Alugal» кәсіпорнының негізі 2002 жылы қаланған. Компания басшысы Анар Көкенованың сөзінше, осы жылдар ішінде 10 млн доллар сомасында инвестиция салынған. Бүгінде «Alugal» ЖШС жыл сайын 5000 тонна алюминий профильдерін, 3000 тонна боялған алюминий профильдерін және 6000 тонна алюминий құймаларын өндіреді.

«2018 жылы біз «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысып, онда бірінші орын алдық. Бұл жеңіс ары қарай «Алтын сапа» байқауына қатысуға ынталандырды. Еңбегіміз жемісін берді. «Алтын сапа» президент сыйлығына ие болуымыздың арқасында жаңа зауыт салуды бастадық, жақында Германиядағы серіктестермен байланыс орнатылды. Енді өндіріс көлемі ұлғаяды. Клиенттер саны да артты.  Сондықтан осы байқауларды ұйымдастырғаны үшін және жан-жақты қолдауы үшін Үкімет пен «Атамекен» ҰКП алғыс білдереміз», – дейді бас директор Анар Көкенова.

 «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына өтінімдерді электрондық түрде www.altynsapa.kz сайты немесе қағаз түрінде өткізуге болады.

 Осы байқауларға қатысу шарттарын кеңінен түсіндіру мақсатында Кәсіпкерлер палатасында 29 мамыр күні оқыту семинары ұйымдастырылады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңін өткізу маусым айының соңына жоспарланған. Онда әділқазылар алқасы 9 жеңімпазды анықтайды. Олар өз кезегінде республикалық байқауға қатысуға жолдама алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер