«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғанда мектепке дейінгі білім беру саласындағы инвесторлар форумы өтті

2018 жылғы 29 Наурыз
- Жетісу облысы
8009 просмотров

Шарағы 200-ден астам жекеменшік балабақшалардың басшылары қатысты

Облыс орталығында «Балалық шаққа инвестиция» мектепке дейінгі білім берудегі инвесторлардың І облыстық форумы болды. Шара Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының филиалы және Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі және Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен өтті. Форумға 200-ден астам жекеменшік балабақшалардың басшылары қатысты. Онда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қорытындысы шығарылып, мектепке дейінгі саладағы ең өзекті мәселелер көтерілді және алдағы тенденциялар мен даму бағыттары айтылды.

Форум модераторы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов мектепке дейінгі білім мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестіктің ең танымал және сұраныстағы саласы екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда 1022 мектепке дейінгі ұйымдардың ішінде 185-і - мемлекеттік, 425-і жекеменшік және 412-сі мектеп жанындағы шағын орталықтар. Балабақшаларда 70 мыңнан астам бүлдіршін қамтылған, бұл жалпы қамту деңгейінің 95%-і. Айта кету керек, мемлекеттік қолдау шаралары мен қолайлы бизнес ахуал жекеменшік балабақшалардың сандық және сапалық өсуіне серпін берді», - деді Нариман Әбілшайықов.

Сессия барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар бірдей бәсекелестік ортада емес екеніне назар аударды.

«Мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының құқықтары бірдей. Алайда түсініксіз себептер бойынша ол ұйымдарға деген көзқарас пен қарым-қатынас екі түрлі. Мысалы, мемлекеттік балабақшалар тәрбишілеріне оқыту жүргізілгенімен, екеменшік балабақшалар үшін бұндай мүмкіндік жоқ. Қарап отырсақ, кәсіпкерлерден түскен салыққа мемлекет тарапы тек мемлекеттік ұйымдарға ғана қаржы жұмсауда. Бұл әділетті ме? Сонымен бірге, жекеменшік және мемлекеттік ұйымдар тең бәсекелесітік ортада емес. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайға сараптама өткізіп, жекеменшік балабақшалар үшін бірдей бәсекелестік орта құруы тиіс», - деді спикер.

Талғат Доскеновтің сөзінше, бмектепке дейінгі білім бизнесі бұдан да тартымды етіп, бөлінетін мемлекеттік қаржыландыруды көбейту керек. Себебі көптеген жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар шығындарын өтей алмайды.

«ҰКП, әкімдік, қауымдастықтар осы жағдайды назарға лауы керек. Мысалы Тынық мұхиты, Таяу Шығыс елдерінде мемлекет жекеменшік ұйымдардың шығындарын 50%-ке дейін қамтиды. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылауды азайтып, қоғамдық бақылауды күшейтуіміз маңызды. Бақылау ата-аналар, балабақшалар менеджерлері, өзін-өзі реттейтін ұйымдар тарапынан болуы қажет», - деді «Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы.

Бүгінде Алматы облысында балабақшалардың 70%-і жекеменшік болып табылады.

Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының президенті Лейла Күленова жекеменшік сектордың мемлекеттік білім беру жүйесінің баламасына айналғанына назар аударды. Алайда бұл салада педагогикалық мамандар тапшы.

«Статистика бойынша мектепке дейінгі саладағы түлектердің тек 20%-і ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл бағытта дуальді оқытуды дамыту керек. Студент уақытының көпшілігін тәжірибеде өткізіп, болашақ жұмысын жіті білуі керек», - деп атап өтті спикер.

Күленова кәсіпкерлер өздерінің құқықтық сауаттылығын арттыруын жалғастыруы керек екеніне назар аударды.

«Кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау мақсатында 2012 жылы Қазақстанның мектепке дейінгі ұйымдарының қауымдастығын құрдық. Бұл ассоциация құрамында 800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі бар және осы білім саласы өкілдерінің мүдделерін қорғап келеді. Сондықтан біз кәсіпкерлерді біліктілігін арттыруға, заң шығарушылық жұмысқа белсене қатысуға шақырамыз»,- дейді Лейла Күленова.

Қазақстанның мектепке дейінгі ұйымдарының қауымдастығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе Үкімет пен Парламентте бизнестің заңды мүдделерін қорғап, жүйелі мәселелерді көтеріп келеді. Соның нәтижесінде санитарлық-эпидемилогиялық талаптарға өзгерістер енгізілді, жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа ережесі қабылданды.

Форум аясында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар кәсіпкерлерге ауылдық жерде көптеп балабақша ашудың маңыздылығын атап өтті.

«Алматы облысында 2 млн-нан астам адам бар, облыс орталығында 170 мыңға жуық азамат тұрады. Демек, адамдардың көпшілігі ауылда тұрады деген сөз. Сондықтан біз шағын орталықтарды азайтып, балабақшаларды ауылдарда ашуымыз керек. Онда жоғары кәсіби мамандар қызмет етіп, заманауи материалды-техникалық жабдықпен қамтамасыз етілуі керек. Қазір өңірімізде 425 жекеменшік балабақша бар. Енді саннан сапаға көшуіміз керек», - деді Жақсылық Омар.

Ресейдің Кемерово қаласында қайғылы жағдайдың орын алуына байланысты форумда нысандардың қауіпсіздігі мен тексерулер өткізу мәселесі талқыланды. Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Юрий Чернышов балабақшалар қауіп-қатері жоғары объектілерге жататынын, алайда тексерулер жоспарлы түрде өтетін мәлімдеді.

Форум спикерлері  мемлекеттік органдарға алдағы уақытта нысандардағы қауіпсіздік мәселесі бойынша мониторингті Кәсіпкерлер палатасы, қауымдастық пен бизнес өкілдерімен бірлесе өткізу туралы ұсыныс білдірді.

Сессиялар барысында Алматы облысында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың өңірлік орталығы директорының орынбасары Қайыржан Бермаханов, «Даму» қоры филиалы директорының орынбасары Руслан Сәметеев және бухгалтерлік есеп пен мектепке дйеінгі білім беру саласы мамандарының баяндамалары тыңдалды.

Кәсіпкерлер форум қатысушыларын табыс оқиғаларымен жігерлендіріп отырды. «Басқару негіздерінің мектебі» мемлекеттік емес мекемесінің директоры   Любовь Сергеева мен «Еркем-Ай» балабақшалар желісі мен «Дана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Күләнда Батырбекова балабақша бизнесінің қыр-сырымен бөлісті. Сонымен қатар, жекеменшік балабақшалардың қызметіне арналған шағын көрме ұйымдастырылды.

Форумды қорытындылай келе, «Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов аталмыш шараны жаңа деңгейге шығарып, республикасы аясында адами капиталды дамыту саласындағы мәселелер мен даму мүмкіндіктерін талқылауды ұсынды.

Шара соңында көпжылдық еңбегі мен кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар жекеменшік балабақшалардың басшылары алғыс хаттармен марапатталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер