«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жарыққа қосылу жеңілдей түсті

2018 жылғы 15 Ақпан
- Жетісу облысы
5736 просмотров

Кәсіпкерлерге электрмен жабдықтау жүйесіндегі өзгерістерді таныстырды

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің басшылығы Талдықорған кәсіпкерлерімен кездесті. Мекеме басшысы Мұрат Үлеков электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үрдісі мен электрмен жабдықтаудың сапасы саласында жүзеге асырылған реформалар нәтижелерімен бөлісті.

Үлековтің айтуынша, 2015 және 2017 жылдар аралғында электр энергетикасы саласындағы заңнамалық актілерге, атап айтқанда электр энергиясын пайдалану ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Мәселен, энергия жеткізуші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін 5 жұмыс күнінің ішінде жаңа енгізілген немесе жаңартылған қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар дайындалады. Осыған дейін аталған қызмет түрі 14 күн ішінде берілетін.

«Қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларының жобалық шешімдердің техникалық шарттарға сәйкестілігін келісу мерзімі 20 күннен 3 күнге қысқарды. Бұл шағын және орта бизнес қызметін жеңілдете түсті. Сонымен бірге, электр энергиясымен жабдықтау шартын жасау мерзімі 7 күннен 3 жұмыс күніне дейін қыстартылды», - деп атап өтті департаменттің бас маманы Аян Мырза.

Дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлерге  мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау басқармасынан құрылыс-монтаждық жұмыстарды жүргізуге рұқсат алудың қажеттілігі алынып тасталғанын ескертті. Аталған үрдіс хабарламалық тәртіпке ауыстырылған. Бұл орайда техникалық жағынан күрделі емес нысандарды электрмен жабдықтау жүйесіне қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарды бастау туралы хабарламаны енгізілген өзгерістерге сәйкес жобалаушы да хабарлауға құқылы.

«Энергетика министрінің бұйрығымен электр энергиясын пайдалану ережесінің 22-ші тармағы алынып тасталды. Бұрын электр қондырғыларын пайдалануға берілмес бұрын электр қондырғыларына энергетикалық сараптама жүргізу қажет болатын. Енді ондай қажеттілік жоқ. Қазіргі таңда техникалық шарттарды беру тәртібі мен мерзімінің талаптары бұзылған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 301-1 бабы бойынша айыппұл қарастырылған», - деді Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің бөлім басшысы Дінмұхамед Абдыханов.

Кәсіпкерлердің жарықпен қамтамасыз ету сапасы мен тариф құны туралы сауалдарына «АЖК» АҚ, «ТАТЭК» АҚ, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС және «Жетысу Энерготрейд» ЖШС өкілдері жауап берді.

«2016 жылы энергетика министрлігімен электрмен жабдықтаудың сенімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәндері SAIFI және SAIDI деп бекітілген. Онда жарықты өшіру санының көрсеткіші, өшіру ұзақтығының орташа көрсеткіші есептелінеді. Комитет тарапынан 2500 респондент сұралған. Сауалнама нәтижесі бойынша 7 балл ішінен орташа балл 5,6-ны құрады. Қазіргі таңда министрлік барлық процедураларды қысқарту мен жеңілдету бойынша жұмыстарды жалғастыру үстінде», - деді департаменттің бас маманы Аян Мырза.

Жиынды қорытындылаған Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлім басшысы Әділет Сұлтанбек қызмет көрсету сапасын бағалау бойынша сауалнамаларға жергілікті кәсіпкерлер қоғамдастығын тартып, олардың іскерлік ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстарын назарға алу қажеттігін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер