«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Индустриализация картасы: мәселе мәні қайда?

2017 жылғы 21 Маусым
- Жетісу облысы
6147 просмотров

Кәсіпорындар айналымдағы қаражаттың жетіспеушілігі мен жергілікті тауарға деген сұраныстың төмендігіне наразы

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы жүргізген мониторинг мәліметі бойынша үдемелі индустриалық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама мен ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында  іске қосылған кәсіпорындардың қызметінде қаржыландырудың жоқтығы, отандық тауар өндірушілердің тауарларына сұраныстың аздығымен байланысты бірқатар мәселелер анықталған. Картаға қатысушылар сыйақы мөлшерлермесін субсидиялау, мемлекеттік сатып алулар, инженерлік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мәселелерін атады. Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек және Талғар аудандарындағы орналасқан 18 кәсіпорын тексерілген.

Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына (2-бесжылдық) 16 өңірлік жоба қосылған. 2015 жылдан бастап 4 жоба іске асырылған – «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС, «Алакөл-Көмір» ЖШС, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, «Bapy Mining» ЖШС. Индустриализация картасы басталғалы бері облыста құны 291,1 млрд теңге болатын 51 жоба іске асырылып, 8 мың жаңа жұмыс орны құрылған.

«Қазір «ҚазФильтр» ЖШС жұмысы уақытша тоқтатылды. Компания жүк, арнайы және жеңіл техника үшін ауа, май және отын сүзгісін шығарумен айналысады. Кәсіпорынның жоспарланған қуаттылығы 1 млн бұйым бірлігін шығаруға арналған», ­– деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Әйгерім Маймақова. Оның айтуынша, Индустриализация картасының 3 жобасы өз қуаттылығынан 50%-ға дейін және 14 жоба толық қуаттылықпен жұмыс істейді.

Мысалы, «Aluminium of Kazakhstan» компаниясы толық қуаттылықты қоспауға мәжбүр. Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің маманы Адиля Қасқарауованың айтуынша, билік тарапынан компанияның жобалық қуаттылыққа шығуын қамтамасыз ету жұмысы жалғасып отыр. 2017 жылдың 1-тоқсанында жалпы сомасы 90 млн теңге болатын 305 тонна өнім шығарылды. Зауыт өкілдері коммуналдық қызметке, әсіресе жарық пен газдың тарифі жоғары, бұл өнімнің өзіндік құнын жоғарылатады дегенді алға тартты. Бұл тариф ТМД елдерінің нарығында шетелдік компаниялармен бәсекелесуге мүмкіндік бермейді.

Біліктілігі жоғары мамандардың жетіспеушілігі де кәсіпорын үшін туындап отырған өзекті мәселенің бірі. Айталық, «Glasman» ЖШС киім пішуші, құрастырушы секілді бір ғана салаға бейімделген мамандардың жоқтығына назар аудартты.  Мұндай мәселе тағам өнеркәсібіндегі компанияларда да бар. Бұл салаға да білікті технологтар, өндіріске жетекші ететін мамандар жеткіліксіз.

ҮИИДМБ мен ИИДМБ қатысушы-кәсіпорындардың мониторингінде компаниялардың көпшілігінің қызметінде жақсы нәтиже бар екені анықталған. Мысалы, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» фармацевтикалық кәсіпорын былтыр 1,9 млрд теңге таблетка мен капсула шығарған. Ал биыл фабрика 3 млрд өнім шығаруды жоспарлаған. Қазақ тағамтану академиясына тиесілі «Амиран» зауытының жұмысы да қарқынды. Былтыр зауыттан 15 мың тонна сүт өнімі шығарылған, зауыт шикізаты да өзінікі.

2017 жылы жалпы құны 45,4 млрд теңге болатын 7 жоба пайдалануға беріледі. Онда 1 475 қосымша жұмыс орны ашылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер