«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысының шаруалары субсидиялау ережелеріне наразы

2017 жылғы 18 Сәуір
- Жетісу облысы
6724 просмотров

Субсидия бөлу неліктен дауға айналады және кәсіпкерге мемлекеттен дотацияны уақытында алуға не кедергі?

Прокуратураның Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының иелерімен кездесуінде субсидиялаудағы өзекті мәселелер көтерілді. Бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен осындай «қатемен жұмыс» Қазақстанның өзге де өңірлерінде жүргізіліп жатыр.

Облыс прокурорының орынбасары Марат Әбдірахмановтың айтуынша, субсидиялау бойынша заңнаманы жетілдіруге қатысты жекелеген ұсыныстарды Бас прокуратура қолдаған және Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарауға жолданды. Ұсыныстардың бірқатары субсидиялау ережесінің жаңа редакциясына енгізілді. Кәсіпкерлер мемлекеттен берілетін демеуқаржының бөлінуі мен алу процедурасы қиын әрі өзекті болып отырғанын айтты.

Шаруа қожалығының жетекшісі Шахгусен Гусейнов ең алдымен мемлекеттік жүйеден қолдан жасалған бюрократиялық тәртіпті алу қажет деп есептейді.

«Өз шаруашылығымды мысалға отырып айтайын, субсидияны алуға біздегі қағазбастылық кедергі келтіріп отыр. Түрлі инстанциялардың арасында жүгіріп жүріп апта бойы құжат жинаймыз. Былтырғы жылы қызылшаның әр гектарына 30 мың теңгеден берілетін субсидияны желтоқсан айында алдым, ол уақытта әрине қажеті болмайды. Айтыңыздаршы, жылдың соңында субсидия алудың қажеті қанша?» – деді ашуға булыққан шаруа.

«Самай» шаруалық қожалығының жетекшісі Еркінбек Слямов прокурор назарын бюджет қаржысының бөліну механизмін әлді ашық ете түсу керектігіне аударды. Көксу мен Талғар аудандарындағы кәсіпкерлердің айтуынша, тағы бір мәселе бар: субсидия түгелдей алынбайды, қайтару жағы тіпті қиын. Өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға субсидияны қайтару тіпті қарастырылмаған.

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп бөлімінің басшысы Дәурен Оңалбаев субсидия бөлуді ашық ете түсу үшін адами факторды алып тастау керек дегенді алға тартты.

«Бүгінде агроөнеркәсіп кешені саласында субсидияның 18 түрі бар. Барлық даулы мәселе осы субсидияны бөлу мен сол дотацияны беру кезінде туындайды. Сондықтан, бұл процесті автоматтандыру жоспарланып отыр. Келешекте субсидия бөлуде адамның қатысуын мүлдем алып тастау керек, банк жүйенің бағдарламалық қамтамасыз ету тәсілдерін қарастыру қажет», – деді Дәурен Оңалбаев.

Еске салайық, субсидияны шаруа, фермерлік қожалықтар немесе заңды тұлғалар ала алады. Жергілікті ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласқаннан кейін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидияланатын салалар тізімі беріледі. Субсидиялау ережесінде алу, есептесу тәртібі мен төлем және субсидиялаудың есебімен танысуға болады. Сондай-ақ, үміткерлерге қажетті құжаттардың түрлері де беріледі. Бұдан кейін, бөлім мамандары өтінімді қарап, шешім қабылдау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жолдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер