«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Рахмет айтудың пайдасы бар

2017 жылғы 10 Наурыз
- Жетісу облысы
7038 просмотров

Дүкен иесі 200-ден астам мұқтаж жанға қол ұшын созды

Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесі Талдықорған қаласында орналасқан «Барлығы рахмет үшін» атты дүкенге қонаққа келді. Белсенді арулар Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Мамила Мұсабекованың басшылығымен әлеуметтік дүкенге кішігірім көмектерін ала келді.

Дүкен киім-кешек, аяқ киім, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, тұрмысқа қажетті заттарды және басқа да заттарды қабылдайды. Бір сөзбен айтқанда мұқтаж жандардың күнделікті қолданысына қажетті заттардың бәрін дүкен қабылдауға дайын. Кеңес мүшелері дүкен қызметімен танысып, онымен келешектегі ынтымақтастық жолдарын талқылады.

«Бұл дүкен көп жандарға үміт, жылу сыйлап отырған орталыққа айналды. Қысқа ғана уақытта сіздер қиын жағдайда қалған жандарға қолдау жасадыңыздар. Ортақ жобаларымызды жүзеге асыруда сіздерге сәттілік тілеймін», – деді Мамила Мұсабекова. .

Дүкеннің негізін қалаған Ажар Қыдыралинаның айтуынша әлеуметтік дүкен құрылғанына 10 айдан асты, осы уақыт аралығында 200 отбасыға көмек берілді. «Бөлінген көмек пен киімдерді өздері келіп ала алмаған отбасыларға заттарды жеткізіп бердік. Дегенмен, киімдерді бірден дүкеннен алып кететіндер көп. Сондықтан қорларымыз таусылмас үшін бізге қала тұрғындардан еріктілер мен қайырымды жандардың көмегі қажет», – деп Ажар Қыдыралина талдықорғандықтарды қайырымдылық жасауға шақырды.

Бүгінде кәсіпкердің қол астында екі қызметкері бар. Олар қалалық жұмыспен қамту бөлімі желісімен жұмысқа орналасқан. Кәсіпкер келешекте тұрмыстық заттарды қайта кәдеге жарату бойынша жаңа жобаны қолға алмақ. Айта кетелік, Іскер әйелдер кеңесінің тікелей бастамасымен әлеуметтік дүкенге жергілікті «Универсам» сауда үйінен тегін сауда орны бөлініп берілді. Әлеуметтік дүкен 79-бутикте орналасқан, оның жұмыс уақыты сағат 9-дан 17-00-ге дейін.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер