«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлердің ұсыныстары ескеріледі

2016 жылғы 25 Тамыз
- Жетісу облысы
7137 просмотров

Облыс кәсіпкерлері әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды

Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің басын қосқан кеңес өтті. Кездесудің негізгі мақсаты мемлекеттік органдардың басы артық, бизнеске шектен тыс қысым келтіретін талаптарын анықтау, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар даярлау болды. Айта кетерлігі, жиынға бейнебайланыс арқылы облыстың 16 ауданы мен 2 қаласының Аудандық (қалалық) кәсіпкерлер кеңестері қосылды.

Кездесудің жүргізушісі, Алматы облысы прокуратурасы бірінші басқармасының прокуроры Данияр Мұқияев Бас прокуратураның Жол картасын анықтағанын айтты. Ол бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: бизнеске бақылау және қадағалау органдары тарапынан көрсетілетін қысымды азайту, бизнесті жандандыру үшін әкімшілік кедергілерді жою және бизнесті жаппай дамыту.

«Мәселен, Мемлекеттік кіріс департаментінің аудиторлық тексерістер жөніндегі талаптарына назар аударыңыздаршы. Егер бизнес субъектісінің есептеуге дейінгі сомасы 20 мың АЕК-тан асып кетсе, онда материалдар қылмысты қудалау органдарына беріледі. Адамға қателігін түзетуге мүмкіндік берместен, ол бірден қылмысты қудалауға тап болып, шақыртулар мен тергеулер басталады. Сондықтан қазір есептеу шегін 40 мың АЕК-қа дейін арттыру ұсынылуда», – деді Д.Мұқияев.

Бүгінде 61 бақылаушы орган тексеріс барысында кәсіпкерлерге 17 мыңнан астам талап қояды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департамент пен Төтенше жағдайлар департаменті жиі тексерістер жүргізуде екен.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлім бастығы Әділет Сұлтанбек кәсіпкерлердің көбінесе жер қатынастары мен құрылыс саласындағы мәселелерге шағымданатындығын жеткізді.

«Мәселен, осы жылдың басынан бері бизнесті қорғау желісі бойынша Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына 238 өтініш келіп түсті, соның ішінде жалпы сомасы 517 млн теңге болатын 118-і оң шешілді. Өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары мен құрылыс саласына қатысты болды. Бұл жалпы көрсеткіштің 19%-ы, салықтық қатынастар бойынша 13%, сатып алулар – 9%. Көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтер сапасының төмендігі айтарлықтай кедергі болып тұр. Бәрінен бұрын кәсіпкерлер жер қатынастары, сәулет және құрылыс салалары бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына қанағаттанбайды», – деп атап өтті А.Сұлтанбек.

Өңірлік кеңестің мүшесі, Туризм және спорт комитетінің төрағасы Рустам Хакимов мемлекеттік орган қызметкерлерінің біліксіздігі қосымша кедергілер тудырып жатқандығын атап өтті.

«Бизнеске әкімшілік кедергілер ғана емес, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің, әсіресе кәсіпкерлікті жандандыру бойынша жүйелік міндеттерді шешуге жауапты отандастарымыздың біліксіздігі кедергі келтіруде», – деді Хакимов. Сондай-ақ, ол, туризм саласындағы кәсіпкерлерге лицензия беруді қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, Алакөл және Балқаш көлдерінде 2-3 ай бизнеспен айналысатын адамдарға арнайы лицензия алуға тура келеді екен.

Бейнебайланыс арқылы Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қаласындағы филиалының директоры Алмагүл Қамбарова өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Кәсіпкерлікті қолдап, қорғау үшін және әкімшілік кедергілерді жою үшін жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша Сараптамалық кеңестің жұмысы мен басқа да жергілікті атқарушы жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органдардың  қызметтерін жандандыру қажет», – деп атап өтті ол.

Талғар аудандық филиалының директоры Ләззат Күмісбаева жергілікті атқарушы органдар жүйесі арқылы байқау негізінде кәсіпкерлерден халыққа қызмет ұсыну механизмін даярлау керек деген ұсынысын ортаға салды.

«Мәселен, мектептерде әлеуметтік теңсіздікті жою үшін мектеп формасына талап қойылады. Ата-аналардың басым бөлігі Қытайдан, Қырғызстаннан немесе қайдан келгені белгісіз мектеп формаларын сатып алады. Көп жағдайда ол формалар талапқа сай келе бермейді. Ол түрлі аллергиялық аурулар тудыру арқылы ата-аналарды қосымша шығынға батырады. Егер мектептер жергілікті әкімдіктер арқылы оқушы киімін тігуге байқаулар өткізсе, ол мектеп формаларының сапасының артып, бағасының арзандауына, жергілікті кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға ықпал етер еді және қаражат шетелдерге немесе көлеңкелі бизнеске кетпес еді», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, филиал басшысының айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша да мәселе өзекті болып тұр.

«Халыққа көрсетілетін көптеген қызмет түрлері, айталық, қалдықтарды шығару саласында, жекелеген кәсіпкерлердің ауылдық округтер әкімдерімен келісімі бойынша жүргізіледі. 10-15 тұрғын (бірнеше мың тұрғыны бола тұра) жиналып, шешімді ресми түрде мақұлдайды. Бұл нарыққа басқа қатысушылардың кіруіне әкеп соқтырады, ол ұсынылатын қызметтің сапасына әсер етері сөзсіз, яғни контейнерлердің болмауы, бағаның қымбаттауы, үйілген қоқыстар және т.б. Егер мұның барлығы байқау негізінде өткізілсе, түйіткілді мәселелер жойылар еді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жол берілмес еді»,– деген ұсыныса айтты Күмісбаева.

Ұйғыр ауданының кәсіпкерлері пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесінің көптігіне қатысты мәселе көтерді.

«Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық жерасты суының 1 текше метріне 1 АЕК көлемінде бекітілді. Шаруалар жылына 200 мың теңге алады, ал пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық 1 гектарға 170 мың теңге. Бұл шаруалар үшін ауыр салмақ. Сондықтан салық мөлшерлемесін азайтуды ұсынамыз», – деді Ұйғыр аудандық филиалдың директоры Мүслім Амангелді.

Айта кетерлігі, Ұйғыр ауданында 70 бөгет бар, онда 62 кәсіпкерлік субъектісі су тұтынады. Текелі қаласы мен Райымбек ауданының кәсіпкерлері де өз ұсыныстарын айтты.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Данияр Сабырбаев шешімді алқалық қабылдаудан бас тартуды ұсынды.

«Біз бүгінде бірлесіп қабылданған шешімдерге сараптама жүргізудеміз, бұл жауапкершілікті дамытудың құралы болып саналады. Алқалық шешім әуре-сарсаңға әкеп соқтырады. Адамның қол жинауы емес, жеке жауап бергені маңызды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетулердің жасырын түрлерін анықтау қажет. Мәселен, көлікке газ баллонын орнату мемлекеттік қызмет болып саналады, алайда ол мемлекеттік қызмет көрсетулер тізілімінде жоқ. Орнату үшін мемлекеттік органдардан алты реттен өту қажет», – деп атап өтті ол.

Алайда, Сабырбаевтың айтуынша, бүгінде кәсіпкер ресми рәсімдерден еш құтыла алмайды. Оның объективті себептері де бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы бөлімдерінде 5-тен 10 адамға дейін жұмыс істейді. Негізінде, міндеттің функционалдығы бойынша жұмысты 40 маман іске асыруы керек екен. Сондықтан мемлекеттік қызмет функционалды қайта қарауды талап етіп отыр.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің басшысы Баниямин Файзуллин кәсіпкерлердің мәселелері шешілу үшін, алдымен, мемлекеттік органдардың оларға деген қарым-қатынастары өзгеру қажет деп санайды.

«Әрине, бизнеске деген қарым-қатынасты өзгерту қажет. Кәсіпкер, ең алдымен, ел болашағының негізін қалаушы. Оның қызметінен бюджетіміз толығады. Заңдар нашар болса да, жақсы шенеуніктермен елді басқаруға болады деген ұғым бар. Егер шенеуніктер жаман болса, ең жақсы деген заңдар да түк істей алмайды. Сондықтан, өзгерістерге қол жеткізу үшін, мемлекеттік органдар ретінде сіздер де жоғарыға өз ұсыныстарыңызды жеткізулеріңіз керек», – деп кездесуді қорытындылады Файзуллин.

Айта кетерлігі, жиынға қатысушылар ұсыныстар тізімін дайындау үшін бір аптадан кейін кездесетін болып тарқасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер