«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын қаржы ұйымдары бәрін шеше ме?

2016 жылғы 27 Шілде
- Жетісу облысы
6479 просмотров

Жамбыл және Қарасай ауданының кәсіпкерлері несие берудің шарттарына наразылық білдіріп жатыр

Жамбыл мен Қарасай аудандарының кәсіпкерлер өз жағдайын түсіндіру үшін  аудандық кеңесте бас қосты.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева жиналғандарға жаңа органның құрылу мақсаты мен мүддесін айтып түсіндірді. «Мұндай кездесуде кәсіпкерлерді алдымен бұл орган қалай жұмыс істейді, қандай пайдасы бар деген сұрақтар мазалайды. Аудандық кеңестің қызметі ең алдымен кәсіпкерлердің өздеріне тікелей тәуелді болмақ. Өздері қаншалықты белсенді болса, соншалықты пайдалы болады», – деп атап өтті ол.

Жамбыл ауданы әкімі Әділбек Далбағаев Палатаның бастамасын қостап отыр. Кәсіпкерлікке әкімшілік тарапынан кедергі болмайтынын айтты. Әкімнің айтуынша, ауданда кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған.

«Бұл аудан әкімі болып осымен екінші жыл қызмет атқарып келем. Осы уақыт бойы кәсіпкерлерді қолдадым, қолдай беремін. Біздің бүгініміз де, ертеңіміз де кәсіпкерлерге тәуелді. Жергілікті кәсіпкерлер қауымын қолдау үшін кәсіпкерлер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Далбағаев.

Кәсіпкерлерді мазалаған сұрақтардың бірі – несие берудің шарттары мен тәртібі, жер учаскелерін пайдалану мақсаты, сауда жасау. Осы сұрақтарды кәсіпкерлер Қарасай ауданындағы жиында да қайталады. Олардың айтуынша, кепілге қоятын меншіктің болмауынан ауылдықтар несие ала алмай отыр.

«Ауылдық жердегі басты дүние – қаржылай қолдау. Екінші жағынан екінші деңгейлі банктердің де жағдайын түсінуге болады. Олар да кәсіптің бір өкілі. Тәуекелге бел бумас бұрын есеп жүргізуі керек. Берілген қаржының қайтарылуын есептеуі қажет. Сондықтан олардың шарттары сондай. Банктерге балама ретінде Алматы облысы бойынша микронесиелеу ұйымдарын іске қостық. Мұндай қолдаудың тиімді екендігіне Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған «Максимум» өңірлік инвестициялық орталығының ашылуы кезінде көз жеткізілді. Осы институттың белсенді қаржылай қолдауының арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері дамып жатыр», – деді Л.Шыңғысбаева. Алайда, кәсіпкерлер палатасының бұл ұсынысы әлі күнге дейін облыс басшылығының қарауында екен. Сондықтан микронесиелеу ұйымы туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.

Қарасай ауданының кәсіпкерлері Кәсіпкерлікті қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Әділет Сұлтанбектен кеңес алды. Олар жаппай сауда жасау мен жекелеген сауда нүктелері туралы ақпараттар сұрады, субсидия бөлу, білім беретін семинарларды ұйымдастыру, салық заңнамасындағы өзгерістерге қатысты сұрақтар қойды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер