«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңірлік кеңестердің кездесуі: проблемаларды бірлесіп шешеміз

2016 жылғы 11 Сәуір
- Жетісу облысы
10966 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің басшысы Ерлан Стамбеков Талдықорғанда ӨКП және облыстың өңірлік кеңес өкілдерімен кездесті

Е.Стамбековпен бірге «Алма қала» экологиялық жобасының белсенділері мен блогерлер келді. Екі өңірлік кеңестің – Алматы қаласы мен облысы өкілдерінің кездесуі демалыс күні өтті.

Бизнесменнің Жетісуға сапарының бірнеше себебі бар. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Асар» фитнес клубының басшысы Елдос Баялышбаевпен танысу. Бұл спорт орталығы 2014 жылдың мамыр айында ашылғанын айта кетейік. Жоба қаржылық көмекті «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында алды. Клубта спортпен айналысуға ғана емес, сонымен бірге өзі теңдестермен араласуға да жағдай жасалған. ӨКП жобаға белсенді қолдау көрсетті және мұны жалғастыруда. Сарапшылар құқықтық консультация берді, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесті. ӨКП-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, бұл қаладағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірінші фитнес-клуб. «Алматы облысында әлеуметтік кәсіпкерлерді саусақпен санауға болатынын атап айтқым келеді. Елдос – Талдықорғандағы жалғыз әлеуметтік кәсіпкер, оның «Асар» реабилитациялық орталығы жөніндегі жобасы дербес жұмыс істейді. Өзін-өзі ақтайды және қарқынды дамып келеді», – деп қосты А.Оңғарбаева.

Жас бизнесмен фитнес-орталыққа Қазақстанның барлық түкпірінен адамдар келетінін айтады, және де осыншалық қысқа мерзімде 30 адамды аяғынан тұрғызуға қол жетті. Осы нәтижеден шабыт алған Елдос дәл осындай клубты Алматыдан ашқысы келеді. «Орталық жұмыс істей бастағалы бері, көптеген адамдар қоңырау шалып, хат жазуда және Алматыда  фитнес-клуб құрудың мүмкіндігі туралы сұрайды. Бұл мәселеге салғырт қарай алмайтын адамдардың көмегімен осы жылы ол жерден осындай орталықты ашамыз.  Бізге қазірдің өзінде ауданы 250 шаршы метр тұрғынжай бөліп қойды. Тілек білдірушілердің барлығы клубқа келіп спортпен еркін айналыса алады деп сенемін», – дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкердің «Startup «Bolashak»-тың грантына ие болғаны белгілі болды. Таяуда Алакөлдің жағасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пансионаттың құрылысы басталады. Демалыс және денсаулықты нығайту орны арбаға таңылған 12 адамға есептелген.

Алматылық делегацияның басшысы – Өңірлік кеңестің төрағасы Ерлан Стамбеков, өз кезегінде, жас бизнесменге табыс тіледі. «Елдос, сенің жеңіл қолыңмен дәл осы Талдықорғаннан бүкіл елімізге осындай әлеуметтік франшизалар таралсын деп тілейміз. Біз сені қолдаймыз және әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгін осында келгендердің бәрі – сенің достарың», - деді ол.

Осыдан кейін облыстың бизнес-қоғамдастығы мен фитнес-клубтың мүшелері алма ағашының 70 көшетін отырғызды. Ерлан Стамбеков – «Алма қала» жобасының бастамашысы әрі басшысы екенін еске саламыз, оның мақсаты – Алматыда алма ағашын отырғызу. Аталған жоба аясында белсенділер «Сиверс» сұрыпты алма ағашының көшеттерін алып келіпті.

«Біз Талдықорғанда «Бақ қала» акциясы басталғанын білдік. Бізге бұл идея тым жақын, себебі, біз міне үшінші жыл қатарынан Алматыда өз ауламызда жеміс ағаштарын отырғызып келеміз. Біз бір кезде алманың қаласы атанған қаламыздың бұрынғы бейнесіне қайтадан ие болуы үшін ағаш отырғызамыз. Өкінішке орай, бүгін кейбір алма түрлерінің атауы ғана қалып, өздері жойылып кеткен. Біз өзімізбен бірге осы акцияның символы – «Сиверс» сұрпын алып келдік, әлемдегі бүкіл алма осыдан басталған. Бүгін отырғызылған  кішігірім аллея – біздің Талдықорғанға сыйлығымыз. Адамдар елімізді баққа айналдыру үшін жеміс ағаштарын отырғызуын қалаймыз», – деп атап өтті Е.Стамбеков.

Алматы облысы кәсіпкерлерінің Өңірлік кеңес мүшелері акцияға белсенді қатысып қана қоймай, сонымен бірге алдағы уақытта  «Қорғас» ХШЫО-да  өтетін екіжақты кездесудің жайын талқылады. «Айдың аяында Алматы қаласы және облысының Өңірлік кеңестерінің кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз. «Қорғас» орталығында бизнесмендердің проблемалары және оларды шешу жолдары талқыланатын болады. Сондай-ақ, біздің ынтымақтастығымыздың болашақ жоспарларын қарастырамыз», - деп атап көрсетті Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер