«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сапа сыны

2016 жылғы 29 Шілде
- Жетісу облысы
6477 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңі 19 тамызда өтпек

Алматы облысындағы ең үздік кәсіпорынды таңдауға бір айдан аз уақыт қалды. Кәсіпкерлер палатасы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына түскен өтінімдерді қарауды бастады.

Өңірлік палатаның сертификация жөніндегі маманы Бибігүл Омарованың айтуынша, байқауға көптеген жаңа компаниялар қатысуда.

«2016 жыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауы үшін жаңалықққа толы жыл болады деп ойлаймын. Өтінімдер берген компаниялар қатарында жаңа, енді құрылған компаниялар бар. Кейбірі үшін бұл сапа мен менеджментті бақылау саласындағы алғашқы байқау. Компаниялардың белсенді қатысуы мен қызығушылық танытып отырғанына қарап, жыл өткен сайын бұл сыйлықтың танымалдығы артып келе жатқанын айтуға болады», – деп атап өтті сарапшы.

Жаңа қатысушылар қатарында – «TerraNova», «Іскер компания», «Казфильтр», «Атмосфер Вент», «LUX-қағаз», «Арт-дизайн», «Аскар-Тау» этно-мейрамханасы және т.б. компаниялар бар. «Арт-дизайн» ЖШС бағыты Алматы облысы үшін жаңа, инновациялық сала екенін айта кету керек. Компания Германия, Бельгия, Франция өндірушілері ұсынып отырған сәндік қабырғалар жасаумен айналысады. Сонымен бірге, олар даярлайтын 3D едендер мен фото түсқағаздар, фрескалар да көз жауын алады.

Биыл «Бақанас» АӨК алғаш рет қатысып отыр, ол балық шаруашылығымен айналысады.

Ал кәнігі қатысушылар арасында – «Көгер ЛТД», «Метакон» ЖШС мен «Амиран» Қазақ тағамтану академиясы зауыты» ЖШС секілді өңірлік байқау жеңімпаздары бар.

Еске салсақ, тамыз айының басында өтетін сарапшылық топ отырысында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталмақ. Басшылықтың көшбасшылық рөлін, сапа саласындағы саясат пен стратегияны бағалау басты шарттар болмақ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер