«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда және инвестициялық қатынас талқыланды

2025 жылғы 08 Сәуір
3648 просмотров

Бүгін Астанада қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің бизнес-кездесуі өтті.

Іс-шараны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Дунгуан қаласының Халық үкіметі ұйымдастырды. Іс-шара қазақстандық делегацияның 2024 жылы Дунгуан қаласына жұмыс сапарынан басталған табысты ынтымақтастықтың жалғасы болды.

ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов өз сөзінде сапардың нәтижелері серіктестік қатынастар мен бірлескен жобаларды нығайту үшін зор әлеуеттің бар екендігін көрсеткенін жеткізді.

«Палата құқықтық және салық саласында жан-жақты қолдау көрсете отырып, инвесторларды белсенді түрде қолдайды. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын ілгерілету аясында Үкіметпен бірлесіп Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Бұл инвесторлармен өзара іс-қимылдың, жобаларды мониторингілеудің және оларды іске асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеудің қуатты құралы», - деп атап өтті Р.Баталов.

Өз кезегінде Қытай делегациясының өкілі, Дунгуан қаласының Халық үкіметі Бас хатшысының орынбасары Фэн Бинь ұзақ мерзімді екіжақты әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – бұл жай ғана сапар емес, тұрақты жобалар мен серіктестікке бағытталған жаңа бизнес-қатынастардың басталуы. ( ... ) Біз тек тауар жеткізілімдерін ғана емес, сондай-ақ,  технологиялық ынтымақтастық, бірлескен өндіріс және нарықтардағы кооперация сияқты нысандарды талқылауға шақырамыз», - деді спикер.

Іс-шара аясында B2B форматындағы келіссөздер, компаниялар презентациялары және ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттары талқыланды. Тараптар сауда, инвестиция, технология трансфері, инновациялар, жасыл экономика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалар перспективасын қарастырды. Индустриялық парктер құру, өндірісті жергіліктендіру және логистикалық маршруттарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мысалы, архитектуралық керамика өндірісі мен дистрибуциясында жетекші қытайлық компаниялардың бірі — Marco Polo Holdings Co., Ltd. — Қазақстандағы керамика нарығын, инвестициялық ахуалды және зауыт салу мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық танытты.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашық әрі сындарлы диалогқа дайын екенін растап, қытайлық бизнес өкілдерін алдағы форумдар мен бизнес-миссияларға белсенді қатысуға шақырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер