«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жыл сайын балабақшалар санитарлық талаптарға байланысты емес бұзушылықтар үшін миллиардтаған айыппұл төлеуде

2025 жылғы 09 Қаңтар
981 просмотров

2025 жылғы 9 қаңтарда Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында «Таза парақтан реттеу» кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеуші саясатты іске асыру туралы мәселе қаралды. 

 

 

 

Президент Қ. Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында кәсіпкерлік қызмет саласында «Таза парақтан реттеу» атты жаңа реттеуші саясатты енгізуді тапсырған болатын.

Аталмыш тапсырманы іске асыру мақсатында 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік қызметті жақсартып, мемлекеттік бақылау және қадағалау тетіктерін жетілдірді.     

«Таза парақтан» реттеу мемлекеттік органдарды бизнеске қойылатын талаптарды дәлелді, іс жүзінде орындалатын, қолжетімді баяндалған және екі ұшты ойға қалдырмайтындай етіп тұжырымдауға міндеттейді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік саладағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы бойынша мәселелер әлі де шешімін таппаған.        

Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы Ұлттық экономика мен Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы бірлескен бұйрығымен бекітілген мектепке дейінгі білім беру саласындағы санитарлық ережелеріне сәйкестігінің тексеру парағына талдау жүргізді.

Талдау көрсеткендей, тексеру парағындағы 76 талаптың 16-сы (21%) санитарлық талапқа сай емес, ал 41-де (53%) сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған.

Тексеру парағының талаптары заңнамаға қайшы келеді, бизнес субъектілеріне шағымдарды негізсіз кеңейтіп, тиісінше кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің репрессивтілігін күшейтеді.

СЭС тексеру парақтары кәсіпкерлерді шатастыру және айыппұл салу үшін бекітілген. Мәселе балалар мекемесінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай еместігінде емес, түсініксіз, әрі орындауы қиын Ережелерде жатыр.

«Тротуарлардың қатты жабыны, еденге, қабырғаларға зақым келтіру, жылыту жүйелері батареяларының тосқауыл құрылғылары, жарамды жиһаз, тағысын тағы, айта берсең көп. Осылардың санитарлық нормаларға қандай қатысы бар?», - деді Үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілі С. Айсин.

Сандар сөйлесін

Қазақстанда 11 104 балабақша тіркелген. Олардың әрқайсысы жылына екі рет СЭС тексеруден өтіп,  әрдайым айыппұлмен аяқталады. Өндіріп алудың орташа сомасы – 424 580 теңге. Бұл жылына миллиардтаған теңгеге шығады, оны мекемелер көбінесе нақты санитарлық талаптарға байланысы жоқ бұзушылықтар үшін төлеуге мәжбүр.

2024 жылдың 9 айында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 5,2 млрд.теңге сомасына айыппұл салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп (1,5 млрд. теңге).  

«Түсініксіз тұжырымдамалардың болуы мекемелерге қысым жасауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, жүйе кәсіпкерлердің өздерін қорғай алмайтындай етіп құрылған. СЭС екіұшты нормаларды қолдана отырып айыппұл салуда. Мұндай жағдайда сот шешімі де көбіне  санитарлық қызметтердің пайдасына шешіледі», - деді С.Айсин өз сөзінде.

 

Кеңес ұсынысы

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы №117 және Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-152 бұйрығының заңға қайшы талаптарының қолданылуын заңға сәйкес келтірілгенге дейін уақытша тоқтата тұру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін және тексеру парақтарының нысанын қалыптастыру қағидаларын әзірлеп, жетілдіру кезінде Ұлттық экономика министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бұйрығында белгіленген бизнес субъектілеріне қойылатын талаптарды қалыптастыру кезіндегі кемшіліктерді ескеріп, қорғау тетіктері қалыптастырылсын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне реттеуші құралдар мен талаптарды қалыптастыру шарттарын сақтамау туралы Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы сарапшыларының талдауын қарау және мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу, сондай-ақ бақылау функцияларын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын нормативтік құқықтық актілердің күшін жою немесе қолданысын тоқтата тұру ұсынылды.

Кеңесте айтылған барлық ұсыныстар мен материалдар Президент Әкімшілігі мен Үкіметке жіберіледі.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер