«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Достық кентінде заманауи мектеп салынуда

2024 жылғы 10 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6056 просмотров

Жетісу облысында 7 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған, олардың бірі – Алакөл ауданының Достық кентінде. Нысан «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында салынуда. Құрылыс барысымен Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы өкілдері танысты.

Мердігер ұйым – «VentKarkaraServis» ЖШС. Аталған кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Нұрахмановтың айтуынша, 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталған. Бүгінгі таңда монолитті жұмыстар 85 пайызға аяқталды. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс материалдарын таңдау кезінде жергілікті өндірушілердің тауарларына артықшылық беріледі, алайда, кірпіш, арматура сияқты құрылыс материалдарын Алматыдан тапсырыс беруге тура келеді.

Достық кентінде мектеп құрылысына 80 адам жұмылдырылды. Нұрлан Нұрахманов мектеп жоспарланған мерзімге дейін пайдалануға беруге толық дайын болатынына сендірді.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысына мемлекеттік бақылау жүргізілуде. Атап айтқанда, Достық кентінде мектеп салуға аудандық мәслихат депутаты Жайлаубай Нұрмұхамбетов тарапынан ерекше көңіл бөлінуде.

Депутат салынып жатқан нысандарға үнемі баратынын және мердігердің жұмысына риза екенін атады.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев елімізде алғаш рет іске асырылған ұлттық жоба отандық компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналатынын атап өтті. Ол республикалық жоба аясында салынған мектептер балалар мен жасөспірімдер үшін өте ыңғайлы болады және оқушылар сабақтарына үлкен қуанышпен қатысады деп үміттенді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер