«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында 200-ден астам оқытушы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» бойынша біліктілігін арттырады

2021 жылғы 11 Қазан
- Жетісу облысы
5003 просмотров

Алматы облысында педагогтарға арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы бойынша біліктілікті арттыру курсы жалғасуда.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп 2019 жылдың қыркүйегінен бастап мектептер, колледждер мен ЖОО-ларда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсын енгізді. Элективті пән мектептердегі 10-11 сынып оқушылары, колледжде 1 курс студенттері үшін өтеді. Пәнді тиісті деңгейде жүргізу мен оқытушыларды даярлау мақсатында жыл сайын қысқамерзімді курстар ұйымдастырылады.

2021 жылы Алматы облысында 200 мектеп мұғалімі мен колледждің 39 оқытушысы біліктілігін арттырудан өтеді. Жанат Байбалақова, Қайсар Еркінбаев, Жанна Аманова және Зухра Идгеева сынды бизнес-тренерлер мұғалімдермен қаржылық сауаттылық негіздері, практикалық дағдылар, кәсіпкерлік ойлауды өз әлеуетін жүзеге асыру үшін мүмкіндіктерді көре білу, бизнес идеяларды генерациялау дағдыларын кәсіпкерлік қызмет деңгейінде дамыту, бизнес модельдеу сияқты технологияларды меңгеру тәжірибесімен бөлісті.

«Оқу өте жоғары деңгейде өтті. Бизнес-тренерлер тренинг жұмысының негіздерін үйренуге және кәсіпкерлік туралы білім алуға көмектесті. Өзім ана, мұғалім ретінде қазіргі балалардың бизнеске, кәсіпкерлікке ерекше қызығушылығы бар екенін жақсы түсінемін. Бұл тұрғыда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жастардың заманауи сұраныстарына сәйкес келеді», – дейді Талдықорған қаласы №2 орта мектебінің мұғалімі Меруерт Өтегенова.

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүгінгі таңда біліктілікті арттыру бойынша қысқамерзімді курсты 179 оқытушы тәмамдаған. Жыл соңына дейін тағы 60 адам оқиды.

«Оқытушыларға сабақтар мен дәрістерді интерактивті форматта өткізу, қонақ дәрістер мен іскерлік ойындарды ұйымдастыру ұсынылады. Алдағы уақытта біз оқушылар арасында бизнес-жобалардың облыстық байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Байқау кезеңдерінің бірі «Атамекен» палатасында менторлар мен кәсіпкерлердің шақырылуымен өтіп, онда олар қатысушыларға жобаны әзірлеуге қолдау көрсетеді», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Республика бойынша екі жыл ішінде «Атамекен» жалпы білім беретін мектептердегі 5,2 мың мұғалім мен колледждердегі 1,7 мың оқытушы кәсіпкерлік негіздері бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткізді. 2021 жылы мұғалімдерді оқытудың үшінші легі 27 қазан мен 12 қараша аралығында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер