«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Студенттік арманын орындады: жас кәсіпкер Қапшағайда дамытушы кілемшелер шығарады

2021 жылғы 11 Ақпан
- Жетісу облысы
5015 просмотров

Алматы облысының тұрғыны Мереке Рамазан Қапшағай қаласында балаларға арналған кілемшелер мен жұмсақ ойыншықтар шығаратын цех ашып, өзінің студенттік арманын орындады.

28 жастағы Мереке Рамазан Балқаш ауданындағы Береке ауылында туған. Оқу орнын it бағыт бойынша сәтті аяқтап, байланыс инженері болып еңбек етті. Алайда, студенттік кезінен бастап жеке кәсібін ашуды армандап келді. Соңғы екі жылда балалар ойыншықтары мен кілемшелерін шығару идеясы туындады, дейді Мереке.

Арманын жүзеге асыру үшін 2019 жылы ол «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» бір айлық оқыту жобасының курсына жазылды. Кәсіпкерлер палатасында кеңес алып, бизнес-жаттықтырушыдан тәлім үйренді.

«Студенттік шағымда өз ісімді ашуды әрқашан ойлайтынмын. Соңғы екі жыл бойы мен балалар ойыншықтары мен кілемшелер шығару ойымен өмір сүрдім. Осы бағытты қарап, нарықты талдап, сұраныс көлемін зерттедім. Еліміз бойынша және біздің облыста мен шығарғым келген бұйымдар болмады. Бағдарламашының дағдылары да идеяны жүзеге асыруға көмектесті», - дейді жас кәсіпкер.

Оқудан кейін ол өзінің бизнес-жоспарын қорғап, сол жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткізді. 2020 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн теңгеге несие, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге қайтарымсыз грант бұйырды.

Осы қаражатқа кәсіпкер Қапшағай қаласында дамытушы кілемшелер шығаратын цех ашты. Кескіш плоттер, түзу машина, тігін машинасы, кесте машинасы, принтер сынды қажетті жабдықтар сатып алып, екі тігінші мен бір бағдарламашыны жұмыспен қамтып отыр.

«Осы жылдың ақпан айынан бастап біз дамытушы кілемшелер, жұмсақ ойыншықтар, кітаптар мен антистресс ойыншықтарын шығара бастадық. Ай сайын 50 бұйым шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің кілемшелер экологиялық таза материалдан жасалады. Ойын кілемшелері өте берік, құрамында улы бояу жоқ, гипоаллергенді және сәбилердің алғашқы күндерінен бастап қолдануға болады», - деді Мереке.

Қазір кәсіпкер дамытушы кілемшелерді жаппай шығарумен айналысу үшін ірі тапсырыс берушілерді іздестіруде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер