«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Төтенше жағдай, карантин режимдерінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасаған кәсіпкерлер «жосықсыздыққа» тартылмайды

2020 жылғы 29 Мамыр
- Қызылорда облысы
9729 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында әлеуметтік желі қолданушыларына тікелей эфирде (facebook-те «Бизнес в Кызылорде и Кызылординской области» группасында) жауап берген облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков айтты.

Тікелей эфирге Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков және Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев қатысты.

Шара барысында Палата директоры:«Төтенше жағдай, карантин кезеңі барысында кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу арқылы алған тапсырыстарын, қызметтерін мерзімінде орындай алмай жатыр. Заң талабы бойынша мемлекеттік орган өкілдері ол үшін «жосықсыз деп» тану үшін сотқа беруі қажет. Алайда бұл жерде кәсіпкердің де кінәсі жоқ. Себебі алған міндеттемесін орындауға шектеу шаралары кедергі болып отыр», - деді.

Бұл мәселеге қатысты осы жылдың 20 наурызында Үкімет «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» қаулы қабылдады. Аталмыш құжатты қабылдауға Президенттің «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» 16 наурыздағы Жарлығы негіз болды.

Кәсіпкерлердің күрделі мәселесін айтып, дабыл қаққандардың бірі  Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов. Бизнес омбудсмен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хат жолдады. Аталмыш министрлік те облыс әкімдіктеріне және квазисектор субъектілеріне өнім берушілерге шаралар қолданбауы жөнінде  ұсыныстар берді.

«Кәсіпкерлердің мәселесін түрлі деңгейдегі соттар да жақсы түсініп отыр. Төтенше жағдай біткеннен кейін мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің үстіне жазылған талап арыздар қатары  артқан. Осыған сәйкес, «Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот тәжірибесінің кейбір сұрақтары бойынша түсіндірмесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының  6 мамырда нормативтік қаулысы қабылданған болатын. Аталмыш құжатқа түсіндірме беру үшін тікелей эфирді ұйымдастырдық», - дейді Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Назарларыңызға тікелей эфир барысында спикерлерге қойылған сұрақтар мен берілген жауаптың толық нұсқасын ұсынамыз.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық  сотының төрағасы (бұдан әрі қысқартып облыстық МАЭ сотының төрағасы деп жазатын боламыз) Бақытбек Елшібеков: «Төтенше жағдайдан кейінгі карантиндік режим әлі де сақталып отыр. Осыған орай бізде тапсырыс берушілер мен кәсіпкерлер арасындағы дау, яғни тапсырыс берушілердің ықтимал өнім берушілерді жосықсыз қатысушы деп тану, олардан тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арыздар көбейіп кетті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының 2020 жылғы 6 мамырдағы № 9 Қаулысымен бекітілген түсіндірмені айтып өтейін. Төтенше жағдай еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табылады. Азаматтық Кодекс талаптарына сәйкес осындай еңсерілмейтін күш мән-жайларынан шарттар орындалмаса, тиісінше орындалмаса ол тараптардың жауапкершілігі көтерілмейді. Мемлекеттік сатып алуға байланысты Түсіндірмеде (Жоғарғы соттың) анық-ашық жазылған. «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысының 9.1-тармағында нақты көрсетілген. Жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер төтенше жағдай енгізілуі салдарынан туындаған мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындаудан бас тартса, шарт жасаудан жалтарса, шарт орындалмаса немесе тиісінше орындалмаса тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану немесе тұрақсыздық айбын өндіруді талап қою арызымен сотқа жүгінбейді. Қазіргі жағдайға талдау жасаған кезде республика бойынша мұндай талап арызбен тапсырыс берушілер сотқа жүгінетін болса ол миллиондаған талап арыз болуы мүмкін. Біздің Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотының өзіне соңғы екі айда үш жүзден аса талап арыз түссе, оның екі жүзге жуығы осы мемлекеттік сатып алуға қатысты. Жоғарғы Соттың түсіндірмесінде бұл талаптар тек мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты орындаушы барлық кәсіпкерлерге қатысты да қолданылады деп көрсетілген. Яғни кәсіпкер мемлекеттік сатып алу процесіне қатысып, жеңімпаз атанып, алайда тапсырыс берушімен шарт жасасқысы келмесе, онда тапсырыс беруші ол кәсіпкерді жосықсыз деп тану туралы сотқа талап арыз бермейді. Біз қазіргі уақытта осы түсіндірмені негізге алып, тапсырыс берушілердің талап арыздарын қабылдаудан бас тартып жатырмыз. Ал оған дейін түскен екі жүзге жуық талап арызды жеке-жеке қарап, егер ол талап арыздар осы төтенше жағдай салдарынан туындайтын болса өндірістен қысқартып жатырмыз», - дейді.

Сұрақ: Бұл талаптар қай уақытқа дейін қолданылады, яғни тек 16 наурыздан 11 мамыр аралығындағы жағдай бойынша ма? Себебі, төтенше жағдай аяқталғанымен, карантиндік режим әлі жалғасуда. Кейбір кәсіпкерлер заттарды басқа облыстан немесе мемлекеттен алып келеді, яғни  алып келуге көп қиындықтар бар (басқа қалаға барып бекеттерден кіріп шығуы).

Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Төтенше жағдай 11 мамырда аяқталды. Дегенмен карантин әлі де жалғасуда. Әр жағдайда зерделеп қарау керек. Егер түскен талап арыз бойынша төтенше жағдай салдарынан туған деп тапсақ онда іс қаралмайды. 16 наурыз бен 11 мамыр аралығындағы тапсырыстар бойынша талап арызды бермесе де болады. Ол қаралмайды. Ал сұрақ, дау туындаған мәселелермен жүгінсін. Ол кезде біз жеке-жеке қарап, тиісті шешім қабылдаймыз.

Сұрақ: Тапсырыс беруші тарапынан келісім шартты тиісті түрде немесе орындамағаны үшін кәсіпкерлерден төтенше жағдай болғаны туралы анықтама талап етуде. Бұл қаншалықты заңды?

Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Заңмен қаралмаған құжаттарды мемлекеттік органның талап етуге құқы жоқ. Бірақ әрбір жағдай бойынша баға беру үшін (сотқа жүгіну керек, жүгінбеу керек, соны анықтау үшін) тапсырыс беруші шарттың орындалмау себебіне түсіндірме беруін сұрай алады. Негізі анықтама сұрағаны заңсыз.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев: Ондай анықтама қаралмаған. Тапсырыс берушілер әр шартқа жеке-жеке қарау керек. Шарттың орындалмау себебін қарап, тапсырыс берушінің өзі шешім қабылдауы керек. Үкіметтің қаулысы сол шешімді қабылдауға негіз бола алады. Сол үшін беріліп отыр. Сондықтан да кәсіпкерден сауалда көтеріліп отырған анықтаманы сұрауға құқы жоқ. Әлеуетті өнім беруші бермеуге құқы бар.

Сұрақ: Аталған заң талаптары  квазисектор субъектілеріне қолданыла ма? Себебі, мемлекеттік органдардан бөлек, біраз квазисектор субъектілері тапсырыс беруші болып отыр.  

Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Мемлекеттік сатып алу туралы заң мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, квазисектор барлығына қолданылады.

Сұрақ: Көпірді күрделі жөндеу бойынша арнайы тәртіппен өткізілген сатып алу конкурсында әлеуетті өнім беруші өз өтінімінде көпірді монтаждау лицензиясына қосалқы мердігер тартып, жұмыстың 49 пайызын қосалқы мердігерге беріп, екеу арасында шарт жасалған. Қазіргі таңда, осы мердігер қосалқы мердігерді тартпай, жұмысты толық өзім жасаймын деп тұр. Бас мердігердің монтаж мостов подвиды жоқ лицензиясында. Тапсырыс беруші тарапынан қандай әрекеттер жасау керек?

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Басында конкурсқа қатысқан бас мердігер қосалқы мердігерді не үшін тартқанын көрсетіп тұр. Бас мердігердің көрсетілген тапсырысты орындайтын нақты лицензиясы бар, ал лицензиясы бар қосалқы мердігерді екінші, қосымша жұмыстарына (подвид) тартамын, қосалқы мердігердің осы лицензиясы арқасында жұмыстын осы түрін орындаймын деп отыр. Бас мердігер подвид-тің лицензиясы бар болса ғана жұмыс жасай алады. Бас мердігерде жоқ болып, қосалқы мердігерде болса онда жұмысты тек сол қосалқы мердігер жасауға міндетті.

Сұрақ: Төтенше жағдайға дейінгі болған келісім шарттар орындалмаса сотқа жүгінеміз бе?

Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Келісім-шарт төтенше жағдайға дейін жасалғанымен төтенше жағдай салдарымен орындау мүмкін болмаса сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Жүгінген күннің өзінде сот қабылдаудан бас тартады.

Сұрақ: Шарт орындалмай жатса өнім берушіге хабарлама жолдап, 3 күннен кейін шарт орындалмаса шартты бір жақты бұзып, әрі қарай қайта жариялап жұмыс жасауға бола ма?

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Бұл жағдайда тараптар бір-бірін тиісті деңгейде ескертуі керек. Ескерткеннен кейін 1 ай өткен соң бұза алады.

Сұрақ: Қазір МинФин өткізетін конкурстарға заявкалар (автомобильге) қабылданады ма? Минфинмен хабарласа алмаймыз, телефондарын көтермейді. Тап қазір портал бетінде автомобильді конкурс ПКО немесе бір көзден сатып ала аласыз деп хабарлама келіп тұр. Осы автомобиль 1 рет баға сұранысымен арнайы тәртіппен хабарланды, екінші рет портал баға сұранысымен жариялауға допуск бермей тұр.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Ол үшін хабарландыру жаряилаушы Қаржы министрлігіне хабарласып, нақты жауапты сол жақтан білген дұрыс.

Сұрақ: Егер мемлекеттік сатып алу шарты бойынша өтпелі нысандарға бюджеттен қаржыландыруға өзгерістер болған жағдайда (бюджеттен қаржы толық бөлінбеген жағдайда) «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңның 45-бабы 2-тармағы 7-тармақшасына сәйкес шарттың орындау мерзімін созуға бола ма және қандай мерзімге?

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Мемлекеттік сатып алу заңында қандай жағдайда шарттың мерзімін созуға, өзгеріс енгізуге болатындығы көрсетілген. Сол талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана шартқа өзгеріс енгізіледі.

Сұрақ: 39-баппен аудандағы нысан құрылысына қатысуға егер конкурсқа қатысушы қалада болса заңды мекен-жайы, ауданға конкурсқа қатысуға қандай құжатпен дәлелдейді?

 Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Әлеуетті өнім беруші тапсырысты орындай алатынын материалдық-еңбек ресуртарымен дәлелдей алатын болса (қажетті техникалары т.б.болса), ауданда филиалы болса (барлық техникалық мүмкіндіктері болуы қажет) қатыса алады. 39-бапта мұндай әлеуетті өнім берушілерді алу, алмауға қатысты конкурстық комиссия шешім қабылдайтындығы туралы нақты айтылған. Тапсырысты орындау мүмкіндігіне қатысты қандай да бір күмәні болса кері қайтара алады.

Сұрақ: Арнайы тәртіпте лимит қойылған. Алайда бұл лимитті есептеу шарт жасалып, қазынашылыққа тіркелгеннен кейін есептеледі ме, әлде шарт жасалып, тіркелмесе де лимитке есептеледі ме? Себебі прокуратурамен жасалған шарттарды заңсыз деп тануда. Шарт жасалған, бірак қазынашылыққа тіркелмеген.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Соңғы үш жылдық айналымнан екі есе асқан жағдайда веб-портал автоматты түрде жібермей қояды. Ондай шешімді қабылдау-қабылдамауға қатысты конкурстық комиссияның құзыреті де, мүмкіндігі де жоқ. Веб-портал арқылы автоматты түрде шығады. Бұл мәселеге қатысты бізге прокуратурадан да хат түсті. Бұл сұрақты тиісті жоғарғы уәкілетті органға жолдадық. Сұрағыңызға қатысты, келісім шарт тіркелгеннен кейін барып көрінеді. Бүгінгі таңда өзгерістер дайындалып жатыр. Қорытындысы күшіне енген жоқ. Күшіне енгеннен кейін барып саналатын қылып ұсыныс беріп жатырмыз. Әзірге заңда келісім шарт тіркелгеннен кейін барып саналады.

Сұрақ: Бір мекемелер Нұр-Сұлтан қаласынан қатыскан болатын. Кейін оны 39-заң бойынша қайтарды. Одан кейн сол мекеме адресін ауыстырып, Қызылордаға ауыстырылды. Ол қалай болады енді? Тендерлерді жеңіп, жұмысын бастайын деп жатыр.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Қазіргі таңда басқа облыстардың кәсіпкерлерінің де қатысуға құқығы бар. Тіркеуге тұру, филиал ашу арқылы қатыса алады. Оның үстіне электронды сандық кілт арқылы тапсырыс беріп біздің өңірде тіркеліп жатқандары бар. Оған шектеу қоя алмаймыз. Әділет органдары арқылы тіркеліп тұрса бұл кәсіпкерлер де қатыса алады.

Сұрақ: Шарт бойынша жұмыстарды орындау мерзімі 9 ай болып белгіленген. Нысан өтпелі. Қаржы толық бөлінбеген. Мердігер ағымдағы жылға бөлінген соманы толығымен игерген жағдайда келесі қалған сома бөлінгенге дейін және оған қосымша шарт жасалғанға дейін шарттың орындау мерзімін уақытша тоқтатуға бола ма?   

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы: Мердігер барлық талапты шарт бойынша орындап қойған болса тоқтатуға себеп көріп тұрған жоқпын. Жоспарға қойылған қаражатқа сәйкес қаржы төленеді.

Сұрақ: Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты және қазіргі карантин жағдайына байланысты істер онлайн қаралып жатыр ма? Тараптар қарсы болса қарау тәртібі қалай болады? Тоқтатылып тұрған істер бар ма?

 Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап барлық істер бізде онлайн режимде қаралуда. Сот ғимаратына кіруге болмайды. Карантин қазір. Тарап қарсы болса олардың құқығы. Істер бойынша тараптарға хабарласып, онлайн қарауға ұсыныс беріп, түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, жыл басынан бері 900-ге жуық іс қаралса, соның 300-ге жуығы осы төтенше жағдай, карантин режимінде қаралғандар. Тараптардың қарсы болуымен оншақты іс тоқтап тұр. Өзіміз барамыз, куәлерімізді ертіп апарамыз, техникалық мүмкіндігіміз жоқ деген істерді, сондай-ақ сараптама тағайындауды сұраған істерді тоқтатып қойдық.

Сұрақ: Сот процесі өткен, бір мекемені жосықсыз деп тану бойынша, алайда процесс барысында сотқа жүгіну мерзімі өткен деген уәж айтылмаған. Сотпен сот шешімі күшіне енгенге дейін жолданбаған, бірақ сот шешімі күшіне енгеннен кейін ғана жолданып отыр. Сотқа жүгіну мерзімі өтіп кеткен деген негізбен қысқартылғаны туралы сот күшіне енгеннен кейін белгілі болды. Аппеляция беруге бола ма?

Облыстық МАЭ сотының төрағасы: Мерзімін өткізіп алмаса аппеляциялық шағыммен жүгінуге құқығы бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер