«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жеке кәсіпкер жосықсыз қатысушы емес

2018 жылғы 21 Қыркүйек
- Жетісу облысы
4121 просмотров

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жеке кәсіпкер мен облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі арасындағы дауда бизнес өкілінің ұстанымын қолдап, іске нүкте қойды. 

Осыған дейін спорт мектебі «Айдана» жеке кәсіпкерлігіне мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және тұрақсыздық айыбын төлеу жөнінде талап қойып, сотқа шағымданған болатын.

Белгілі болғандай, осы жылдың мамыр айында тараптар арасында құны 397,3 мың теңге болатын тауарды жеткізу туралы келісім-шартқа қол қойған. Шарт бойынша өнім 14 маусымға дейін жеткізілуі керек. Тауардың бір бөлігі 13 маусымда жеткізіледі де, ал қалған бөлігі тек 11 күн өткен соң 25 маусым күні ғана тапсырылады.

Сот барысында спорт мектебінің өкілі осылайша жеке кәсіпкер шарттың талаптарын бұзғанын атап өтіп, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және 1 748 теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбын төлеуді сұрады.

Өз кезегінде Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Думан Керімбаев сот процесінде кәсіпкердің қорғаушысы болды.

«Жеке кәсіпкер процесте талапты ішінара мойындап, айыппұлдық ықпалшараны төлеуге мүмкіндік беріп, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізбеуді сұрады. Себебі, тапсырыс беруші барлық тауарды қабылдады және оның зардабы болмады», – деді Думан Керімбаев.

Істі қараудың қорытындысы бойынша Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнар Бектұрғанова спорт мектебінің жеке кәсіпкерге қатысты талабын ішінара қанағаттандырды.

«Тауардың мерзімінен кейін жеткізілгеніне қарамастан, тапсырыс берушінің тауарды қабылдауын, тапсырыс беруші үшін теріс салдардың болмауын есепке ала отырып, Сот әділеттілік пен парасаттылық критерийлеріне сүйене отырып, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану туралы талапты қанағаттандырмау туралы шешімге келді», – делінген судьяның шешімінде.

Осылайша жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың «қара тізіміне» енгізілінбеді. Сот шешімі бойынша оқу орнының қазынасына тұрақсыздық айыбын ғана төледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер