«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақсу ауданындағы кооператив өнімін ірі сүт зауытына тасымалдайды

2018 жылғы 12 Қаңтар
- Жетісу облысы
5103 просмотров

Өткен жылы кәсіпкерлер 120 т астам сүт шығарған

Алматы облысының Ақсу ауданында кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтар үшін түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Жақында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Руслан Тұрсынов, ауыл шаруашылығы бөлімі мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің өкілдері Арасан және Ақсу ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Кәсіпкерлерді 2018 жылға қарастырылған несиелендіру, субсидия бөлу мәселелері алаңдатты. Шаруалардың сөзінше, кәсіпкерлер егу жұмыстарына дайындалып, жылды қарызсыз бастауы үшін қаржыландыру бойынша сұрақтар егіс науқанына дейін шешілуі қажет.

Кәсіпкерлер палатасының Ақсу аудандық филиалының директоры Руслан Тұрсынов жиын қатысушыларына «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту басталатыны жөнінде хабарлады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізілетін жоба ауданда биыл бірінші рет ұйымдастырылады.

«Осы жылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке бизнес-жоспарларын «Бастау Бизнес» кәсіпкерлікке оқыту жобасы аясында жүзеге асыра алады. Оқытуды үздік бизнес-тренерлер өткізіп, бір айға жуық мерзім ішінде кәсіпкерлік қызметтің қыр-сырын үйретеді. Жобаның нәтижесі жаман емес, ауыл тұрғындары үшін елеулі қолдау болады деген сенімдеміз», -  деп атап өттң ол.

Сонымен бірге, филиал басшысы фермерлердің ауыл шаруашылығы кооперативтерінің (АШК) қызметі бойынша сұрақтарға жауап берді.

«Өткен жылы біз ауылдардағы кәсіпкерлерді кооперативке бірігіп, істі дамытуға шақырған болатынбыз. Өзара қолға алынған шаралар нәтижесінде үш ірі АШК 150 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырылды. Мысалы, 24 мүшесі бар «Бақкон» кооперативі жалпы сомасы 52 млн теңгеге қаржыландырылды. Олар жабдықтар мен 220 бас ірі қара мал сатып алды. 2017 жылы кооператив 120 тонна сүт өндіріп, Қазақстандағы ірі сүт зауыты «Фудмастермен» өнімді өткізу бойынша келісімге келді», - деді Руслан Тұрсынов.

«Кооператив жұмысының бұл әсері басқа да кәсіпкерлер үшін үлгі, - дейді Тұрсынов, - Бүгін АШК-ға 60 шақты адам бірікті. Адамдар кооперацияның артықшылықтарын байқап, бабын тапса істі табысты және олжалы етуге болатынына көз жеткізді».

Алдағы уақытта да Кәсіпкерлер палатасы Егінсу мен Матай ауылдық округтеріне шығып, кәсіпкерлермен кездесуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Ақсу ауданында 3,4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылы өндірген өнім көлемі 1,8 млрд теңгені құрады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер