«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Дуальді оқытуды дамыту үшін кәсіпкерлерді ынталандыру қажет

2017 жылғы 13 Сәуір
- Жетісу облысы
6016 просмотров

Талдықорғанда «Білім. Бизнес. Кәсіп» халықаралық форумы өтті

Шара дуальді оқытуды енгізудің мәселелеріне, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері және кәсіпкерлер үшін диалог алаңын қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестік арқылы адами капиталды дамыту мәселесіне арналды.

Сондықтан, бірінші рет білім беру саласының сарапшылары мен әр саланың кәсіпкерлері бір дөңгелек үстел басында көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелерді талқылау үшін жиналды. Кәсіптік-техникалық колледждер мен І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың базасында панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Талдықорған сервис және технологиялар колледжінде сарапшылар сән индустриясы мен шаштараз өнері, тамақтандыру, тігін салаларының мамандарын дайындаудың өзекті сауалдарын талқылады. Өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінде бизнесмендер, шеберлер мен оқытушылар дәнекерлеу өндірісі және газдандыру жүйесінің құралдарын пайдалану бағытындағы мамандарды дайындаудың мәселелерін көтерді. Құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларының сауалдары Талдықорған политехникалық колледжінде қызу талқыға түсті. Агротехникалық колледжде шаруа қожалықтарының басшылары, ветеринарлар мен ұстаздар ветеринария, сүт өндірісіндегі кадр тапшылығының қиындықтары мен шешу жолдары көтерілді. Жиһаз саласына қатысты панельдік сессия Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде өткізілді. Ал ЖМУ-да туризм мен мектепке дейінгі білім беру саласының мамандарын дайындаудағы мәселелер айтылды.

Сарапшылар, кәсіпорындар мен компаниялар басшылары оқу орындарымен байланыс деңгейінің, білім беру сапасының көңіл көншітпейтінін айтты. Сонымен бірге, бизнес өкілдерін белсенді әріптестік жүргізуге, жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуда қолдау көрсетуге шақырды. Сессиялардың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырысты әзірлеу мен бөлу жүйесін өзгерту жөнінде ұсыныстар беріліп, кадр тапшылығын болжаудың нарықтық механизмін енгізу қажеттілігі айтылды. Белсенді түрде кәсіби бағдар жүргізу, экскурсиялар мен шеберлік сағаттарын өткізу, заңнамаға дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарға салық саласында жеңілдіктер беру жөнінде қарар қабылданды.

Ары қарай қызу талқылау облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен жалпы пленарлық отырыста жалғасты. Өңір басшысы форумның нәтижесі мемлекет пен бизнес жобаларын іске асыруға, экономика мен әлеуметтік секторды дамытуда орны бөлек екенін айтты.

«Жаңа индустриалдық революция жұмысшы мамандардың кәсіби біліктілігі жаңа деңгейде болу керектігін көрсетті. Себебі, жұмысшылар алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтарда, заманауи өндірісте жұмыс істей алуы қажет», – деді А.Баталов.

Форумда «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің сарапшылары дуальді оқыту жүйесі арқылы мамандарды кәсіби дайындаудың жаңа модельдері қалыптастыруы жөнінде айтты. ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті басшысының орынбасары Ләззат Шонаева дуальді оқытуды енгізу саласындағы жұмыс барысымен таныстырды.

«Бүгінгі таңда біз бизнес өкілдеріне, дуальді оқытудың қатысушыларына салық бойынша және басқа да салаларда жеңілдіктер берілуі қажет. Әрине, бұл ұсыныс әлі қарастырылып жатыр, алайда басқа да мүмкіндіктерді көруіміз керек. Оқыту мен тәжірибе екі тарап үшін де тиімді боулы шарт. Егер үш жыл бұрын оқытудың дуальді түріне қатысқан кәсіпорындар саны 600 болса, қазір олардың саны 3 мыңнан асты», – деді Ләззат Шонаева.

Сонымен бірге, сарапшы Алматы облысының бұл бағытта алдыңғы қатарлы өңір екенін атап өтті. Мәселен, облыста «Байсерке Агро» ЖШС республикада бірінші болып Талғар агробизнес және менеджмент колледжін сенімді басқаруға алды.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы өкілдігінің басшысы Райнер Гертц аймақ басшысына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамытуда Германия үлгісіне назар аударуға шақырды.

«Біздің елде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үш бөлімге қарайды. Бұл экономика, еңбекпен қамту және білім бөлімі. Өңірге осындай тәжірибені енгізу оң өзгерістер әкелуі мүмкін. Бұл үш бөлім бірлесе, өзара конструктивті диалог орнату арқылы жұмыс істеуі қажет. Байқағанымыздай, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамытуға ерекше көңіл бөлген аймақтарда экономика мен әлеуметтік сектор дамыған және қолайлы болып келеді», – деп қорытты Гертц.

Трир қаласы қолөнер палатасының үйлестірушісі Альберт Овер Қазақстандағы дуальды оқытудың жаңалау жолдарымен таныстырды. Ал Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шәйкенова туриндустриядағы маман дайындаудың кейбір мәселелеріне тоқталды.       

«Еуропалық ЖОО-ларда оқу уақытының 60%-ында тәжірибе жүргізіледі және бұл әдіс бұрыннан бері енгізілген. Ал біз осы үлгіге көша алмай отырмыз. Меніңше, кейбір пәндерді оқытпай-ақ, тәжірибе өтуді енгізу керек. Турбизнесті болашақ мамандығы таңдаған адам үшін тек тәжірибе арқылы телефонға қалай жауап беру, клиентке қалай қызмет көрсету мен күлу керектігін үйретеді», – деп атап өтті Шәйкенова.

Айтуынша, осы жылдың басында бекітілген қонақжайлық саласындағы кәсіби стандарттар білім беру стандарттарын әзірлеуде негізге алынуы тиіс.

Қырғызстан сарапшысы, Орталық Азия университеті Үздіксіз білім беру мектебінің директоры Гүлнара Джунушалиева құрылыс саласындағы мәселелер мен сала болашағы жөнінде сөз тарқатты. «КазРосАгро» ЖШС басшысы Амангелді Мүслім кәсіпорынның оқу орнымен байланыс жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпорын 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Дуальді оқытуды енгізудің республикалық жол картасына еніп, Шонжы политехникалық колледжінің «Фермерлік шаруашылығы» мамандығы, «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі» біліктілігі бойынша әлеуметтік әріптесі атанды. Кәсіпкердің ұсынысы ескеріліп, оқу жоспарына 40/60 қатынасы бойынша өзгерістер енгізілді.

«Дуальді оқытуда әріптес атану үшін үлкен өндірістердің болуы маңызды емес. Мысалы, маған тәжірибеге 5 студент те жеткілікті. Бірақ, олардың тиісті біліктілік алатынына кепіл бере аламын. Меніңше, студенттерді ынталандыру үшін оларға шәкіртақы төлеп отыру қажет. Қазір мен әр студентке 20 мыңнан төлеймін», – деді Амангелді Мүслім.

Дуальді оқытуды енгізудің республикалық жол картасына 27 колледж енгізілген. 1488 студент қамтылып, 140-тан астам кәсіпорынмен бірлесе 8 сала, 17 мамандық пен 20 біліктілік бойынша мамандар оқытылуда.

Сонымен бірге, форумда жылдар бойы табысты әлеуметтік әріптестікті танытып отырған бірқатар компаниялар аталды. Мысалы, облыс әкімінің алғыс хатымен «ТК-Метакон» ЖШС, «Лактис ЛТД» ЖШС мен «Байсерке Агро» ЖШС марапатталды.

«Диалог алаңында бизнес пен колледждер еңбек нарығындағы өзекті сауалдарды талқылау мүмкіндігіне ие болды. Қазір білім ұйымдары өз бағыттары мен көзқарастары бойынша маман дайындап жатыр, ал кәсіпорындарға заман талабына сай жұмысшы қажет. Кез келген жас маман нарықта сұранысқа ие болуы тиіс. Сондықтан мамандарды нарықтың талабы, жаңа заманауи стандарттар бойынша дайындау керек. Бүгінгі таңда колледждер жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталмаған, студенттер ескі техникамен жұмыс істеуге мәжбүр. Облысқа фармацевтика, ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы мамандар тапшы. Білікті маман дайындаумен тек білім ұйымдары ғана айналыспай, бұл іске жұмыс берушілер де ат салысуы керек. Осы тұрғыда біз бизнес ортаны дуальді оқытуға белсенді қатысуы үшін ынталандыру шараларын енгізіп отыруымыз аса маңызды», – деді облыстық палата басшысы Ләззат Шыңғысбаева.

Форум соңында жалпы қарар қабылданып, әкімдік пен Палатаның дуальді оқыту жүйесін дамытуға арналған бірлескен жұмыс міндеттері анықталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер