«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Уақытша тіркеудің түсініксіз тұстары көп

2017 жылғы 13 Қаңтар
- Жетісу облысы
6036 просмотров

Кездесуде кәсіпкерлер өзекті мәселелерді талқылады

Айта кетерлігі, кездесудің өткізілуіне тікелей мұрындық болған – Алматы облысының Әділет департаменті еді. Департамент өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік органдар, өзекті мәселелерді талқылау мақсатында, сондай-ақ, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін, кәсіпкерлермен бірге уақтылы қоғамдық тыңдалымдар мен дөңглек үстелдер өткізіп тұруы тиіс.

Қазіргі таңда, Әділет департаменті жетекшісінің орынбасары Қайрат Піләлевтің айтуынша, кәсіпкерлердің дені мүлік құқығы мен заңды тұлғаларды тіркеу, зияткерлік және авторлық құқықты қорғау мәселелері бойынша көмекке жүгінеді екен. Сонымен қатар, кәсіпкерлермен тиімді өзара байланыс орнату мақсатында, Кәсіпкерлер палатасы мен Әділет департаменті арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал, былтырғы жылдың қараша айында Талдықорғанда, зияткерлік мүлік туралы заң жобасын талқылауға қатысты қоғамдық тыңдалым өткен. Осылайша,  заң жобасы облыстың бизнес-қоғамдастығына таныстырылды.

Ал, департаменттің бас маманы Шырын Сүлейменова, кәсіпкерлерге Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі индекаторларының көрсеткіштері туралы баяндап берді. Әлемдік рейтинг көрсеткіштеріне сәйкес, былтырғы жылы Қазақстан 42-ші орыннан 53-ші орынға төмендепті. Мәселенің осылайша өрбуінің өзіндік себептер бар дейді маман.

«Кәсіпкерлерге жыл сайын бизнестің басты әкімшілік кедергісі жемқорлық болып келе жатқандығын айтқым келеді. Алайда, 2016 жылы инфляция мен жоғары салық мөлшерлемелері бизнесті жүргізудегі басты кедергілерге айналды. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлық, қаржыландыруға шек қою, салық заңнамасының қиындығы және тағы басқа факторлар бар», – деп атап өтті Шырын Сүлейменова. Сонымен бірге, маман, төменгі көрсеткіштерге қарамастан, жалпы «Институттар» факторы бойынша, Қазақстан бір саты жоғары көтеріліп, 49-ға орынға тұрақтағанын тілге тиек етті. 

Кездесуде кәсіпкерлердің басым көпшілігі уақытша тіркеуге қатысты сауалдар қойды. Естеріңізде болса, 2016 жылдың 22 желтоқсанында қабылданған ҚР «Терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы көпшілік тарапынан сынға ұшырап, қоғамды дүрбелеңге салған еді. Айта кетерлігі аталған заң, бизнес мүдделеріне қатысты болып отыр. Себебі, бизнесмендер – өңір ішінде және жалпы елдің әр түкпірінде жүретін азаматтар. Олардың қатарында, іскерлік кездесулер мен іссапарлардан бөлек, өңірге жұмыс күшін тарту мәселесі де бар. Осылайша, Өңірлік кеңес мүшесі, Алматы облысы бойынша Ішкі туризмді дамыту қауымдастығы төрағасы Рүстем Хакімов, мал шаруашылығымен айналысатын тұлғаларды тіркеу туралы сауал қойды. Оның айтуынша, мәселен, шопандарға малды бағу кезінде, бірнеше ай бойы бір орыннан екінші орынға көшуге тура келеді екен.  Мұндай жағдайда не істеген жөн дейді кәсіпкер.

«Біз аудандарға ұзақ мерзімді іссапарлармен жиі барып тұрамыз. Жұмыс орнынан анықтама мен іссапар қағазын табыстау жеткілікті болады ма? Әлде,  тіркелу керек пе?», – деп сауал тастады қатысушылар. Өкінішке орай, Алматы облысы ІІД Көші-қон полициясы басқармасы өкілдері аталған сауалға тұшымды жауап қайтара алмады. 

Сол себепті, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Әділет Сұлтанбек, кәсіпкерлерге аталған түйткілді мәселелер мен сот актілері, зияткерлік мүлікті қорғау мәселелеріне арналған жеке кездесу өткізу туралы ұсыныс айтты.

Кездесу соңында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, даулы мәселелерді шешу, жеке мүлік жөнінде түсіндірме қағаздар таратылды.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер