«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бал арасын баптауға да білім керек

2016 жылғы 09 Тамыз
- Жетісу облысы
16362 просмотров

Бал арасын өсіру ісінде нені басшылыққа алу керек және омарта шаруашылығын қалай дұрыс жүргізуге болады? Бұл туралы білікті ғалым болашақ омарташы-кәсіпкерлерге кеңінен баяндап берді

Қарасай ауданында араның отбасылық биологиясы және ара шаруашылығының қазіргі заманғы әдістері туралы семинар өтті. «На 100%ящий Мед» компаниясы «Горный садовик» бау-бақша қоғамдастығында кәсіпкерлердің басын қосты.

Көпшілігі үшін омарта шаруашылығын ұйымдастыру, басқару және жоспарлау мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Сол себептен де дәріскер, биология ғылымдарының кандидаты Валерий Лубанов семинар басында, кәсіпкер білуге тиісті «араның отбасы құрылымы» түсінігімен, оның биологиялық және құрылымдық қасиеттерімен таныстырып өтті.

«Әдетте омарта шаруашылығы үшін құрғақ, түзу немесе шамалы көлбеу орын таңдалады. Аралар, әсіресе жазда, көлеңкеде өмір сүріп, күн көзі түсетін, бал жинауға ыңғайлы жерде жұмыс істегенді құп көреді. Ал жер таңдағанда радиусы 2-3 км болатын, айналасында әр мезгілде өсетін бал жинауға қолайлы өсімдіктері бар аумақты таңдайды. Әсіресе ерте көктемгі бал өсімдіктері мен гүл тозаңдарының көп мөлшерде болуы, сондай-ақ су көздерінің болуы аса маңызды», – деді сарапшы.

Сондай-ақ ғалым, қазіргі жағдайда ара шаруашылығын қалай дамыту керектігі туралы бөлісті.

«Республика аумағындағы барлық омарта өнеркәсібін жоғары технологиялық жүйеге көшіру керек. Бұл өз кезегінде араларды қамтамасыз ету мақсатында  өнеркәсіп элементтерін енгізуге, қаптамалардағы балды сұрыптап өндіруге, араларды бал шеңберінен үрлеу үшін электро және бензо-желдеткіштерді қолдануға, жұмысты тиімді жүргізуге септігін тигізеді. Ара ұяларының жаңа жүйесімен жұмыс жасай алатын, араларды қамтамасыз ету технологиясын жақсы білетін мамандар дайындау жүйесін жасап енгізу керек», – деді ол.

Одан бөлек, шаруашылықты тиімді дамыту үшін өнімнің сапасы мен санын жақсарта отырып, дала жағдайында бал жинауды омарта шаруашылығының орталығындағы кішігірім цехтарға көшіруді қамтамасыз еткен жөн.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ең маңызды мәселелердің бірі омарташыларды несиелендіру жұмысының жоқтығы. Бүгінгі таңда омарташылар қолмен жұмыс істеуді қойып, механизацияланған жүйеге көшуі керек. Яғни, контейнерлер, жүк тасушы құрылғылар, ара павильондарын сатып алуы керек деген сөз. Механикалық және техникалық процестерді пайдаланбаудың салдарынан, кәсіпкерлердің бәсекеге төтеп бере алмайтыны анықталған.

Тәжірибелік сабақтарда болашақ омарташыларға аралармен дұрыс жұмыс істеу жолдары нұсқалды. Араға жақын бару үшін, арнайы киім кию керек екені белгілі. Сондай-ақ аралар иіске сезімтал. Сол үшін омарташылар сарымсақ пен жуадан бойын аулақ ұстаған жөн.

«Керек болған жағдайда түтін пайдаланған жөн. Түтіннің араларды тыныштандыратын қасиеті бар. Бірақ оларды шектен тыс пайдалануға тағы болмайды. Тексеру кезінде, ары-бері ұшып шығып жатқан араларға кедергі келтірмейтіндей жерге орналасу керек. Сондай-ақ ұяны салқындатуға болмайды. Сол үшін артық қимылсыз, омартаға тиіп кетпей, шапшаң қимылдау керек», – деді сарапшы.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысында оқыту семинарлары шілденің басында басталған болатын. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына арналған жалпы саны 90 семинар өткізу жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер