«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Гүл, кофе, инвестиция және Эфиопия...

2016 жылғы 27 Шілде
18468 просмотров

Қазақстандық компаниялардың импортты табысты ұйымдастыруына немесе өз капиталын Эфиопия экономикасына инвестициялауға зор мүмкіндік бар. Бұл туралы www.palata.kz сайтына Қазақстанның Эфиопия Федеративті Демократиялық Республикасындағы елшісі Ерлік Әли эксклюзивті сұхбат берді. Астанаға аз уақытқа сапарлап келген елші эфиоптық экономика мен отандық бизнестің сол елге салар инвестициялық мүмкіндіктері хақында өзінің сараптамалық пікірін ортаға салды.

– Әли мырза, сұхбатты гүлден бастауға рұқсат етіңіз. ҚР СІМ брифингінің алдында журналистер ұсынған анықтамалықта, он жылдың ішінде Эфиопия гүл экспортын жүз мыңнан миллиард данаға дейін ұлғайтқаны жазылған екен. Шынымды айтсам, ыстық климатты Эфиопиядағы гүл сату рекорд мені таңқалдырды.

– Бұл ел Эфиоп үстіртінде орналасқан. Картадан қарасаңыз, Эфиопияның астанасы Аддис-Абеба, айтпақшы астананың аты «жаңа гүл» деп аударылады, 2,3 шақырым биіктікте орналасқан. Біздің Шымбұлақтың орналасқан жеріндей ғой. Ерекше климаттық жағдайы айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Қазір Эфиопияда жауын маусымы басталды. Ол қазан айына дейін жалғасады. Гүл өсіруге өте ыңғайлы.

Эфиопия ыстық дейсіз. Ол елдің оңтүстігінде ыстық. Негізінен Эфиопияның үштен бір бөлігінде аса ыстық бола бермейді. Температурасы +22, +25.

– Өзіңіз Эфиопияда қандай гүлдерді анық көрдіңіз?

– Бәрін десем болады. Раушангүлдерді де, қызғалдақтарды да. Раушангүлдің ұшы-қиырсыз алқаптарын көрдім. Онда француздар мен голлландықтар белсенді жұмыс жасайды. Эфиопияда өсіріліген кейбір гүлдер Қазақстанға Голландия арқылы келеді. Оның мәнісі мынада, біздің тұтынушылар сабағының ұзындығы кем дегенде 80 см-ден бастап 1 метрге дейінгі гүлдерді ұнатады. Біраз уақыт бұрын эфиоптықтар тек ресейлік нарық үшін жұмыс істеді. Жекелей алғанда қазақстандықтар үшін де болар. Араб пен еуропалық елдердің сабағы 50-60 см гүлдерге сұранысы артқан соң, ондағылар ұзын сабақты гүлдерді өсіруді қойды. Маған Эфиопияда «Егер сатып алатын кәсіпкерлерді тауып берсеңіз, біз ұзын сабақты гүлдерді өсіріп бере аламыз. Бірақ көкжиекте сіздердің компаниялар байқалмайды» деп айтатын. Тіпті ресейлік компаниялар дағдарыстың салдарынан Эфиопиядан гүл алуды доғарды. Екіжақты келісімдері жақсы жолға қойылған еді. Сондықтан Эфиопияда гүл плантацияларын шектей бастады.

Мен Эфиопиядан Шымкентке гүл импорттауға әзірлік білдірген біздің кәсіпкерлердің біразымен сұхбаттастым. Бірақ байланысымыз аяқ астынан үзіліп қалды. Оның себебі маған беймәлім. Мүмкін ол адамдар несие ала алмай қалды ма екен. Мүмкін басқа мәселе туындаған болар. Дегенмен, бұл кәсіп Қазақстанға енсе, өзінің сегменті болса, біздегі гүлдердің жыл сайын өсіп жатқан бағасын төмендетуге әбден болар еді деп есептеймін. Біздің тұтынушылардың қалтасына түсіретін салмақты кемітер еді. Гүлге кейде көп  ақша жұмсалатын кездер болады. Бәріміз де гүл сыйлағанды ұнатамыз ғой.

– Эфиопиядан кофе импорттауға қалай қарайсыз? Брифингте де атап айттыңыз бұл туралы.

– Мен ашық айтайын: кофелері тамаша. Дәмі де, бағасы да өзге елдерден артық. Өйткені, Эфиопия – кофенің отаны. Осы кофе Қазақстанда да болса ғой деймін. Жуырда Астанада бір кофеханаға бас сұқтым. Онда эфиоптық кофе бар екен. Бірақ оны ресейлік бір компанияның дистрибьюторлығымен жеткізіпті. Мүмкін, ол кофені Астанаға Мәскеу жеткізіп беріп отырған болар. Қазақстанға тікелей жеткізуге болады емес пе? Сонда тұтынушы үшін де бағасы арзанға түсер еді.

– Қазақстандық кәсіпкерлер Эфиопияға зат жеткізуден сақтанады дедіңіз. Біздің компанияларды соншалықты үркітіп жатқан не болды?

– Бизнесті ол елден қашырған Эбола ауруы болды. Мен алғаш елші болып барған кезімде де қорқыныш болған еді. Бірақ Африка деген бір ғана ел емес қой. Африканың батысында Эбола болды. Онда Либерия, Сьерра-Леоне, Гвинея елдері бар. Бірақ ол өзге елдерге таралмады. Эболамен күрес аты аталған елдерде жүрді. Африканың шығысын қамтыды. Қорқыныш болды. Кейбір БАҚ қорқынышты үдетіп жіберді. Қорқыныш та бар, қиындық та бар. Бірақ адам безгектен де қорқады ғой. Кейбір африкалық елдер үшін ол шешімі жоқ қиын мәселе. Оны өзім Бенинде, Камерунде, Конгода болғанымда анық сезіндім. Сақтану керек. Бірақ одан сақтайтын бірде-бір дәрі жоқ. Эфиопияның көп жерінде безгек жоқ. Тек жаңбыр маусымы басталғанда дерт үдейді. Аддис-Абебаның өзінде ауру атымен жоқ.

– Эфиопиядағы импорттаушыларға жасалған жағдайлар туралы не айтасыз? Шарттары ыңғайлы ма?

– Эфиопияның заңнамалық, қаржылық, экономикалық деңгейі енді ғана өрістеп келеді. Көптеген кәсіпкерлер қиындықтар көреді. Соған қарамастан біраз елдер оған қарамайды. Мәселен, Түркияның 300-400 компаниясы жұмыс жасап жатыр. Олар өз қаржысын Эксимбанк арқылы сақтандырып, бұл елмен байланыс орнатуға, өз қаржысын инвестициялауға қорықпай келіп жатыр.

Эфиопия нарығында қазақстандық компаниялар бар ма?

- Жоқ. Өкінішке орай, біздің бизнестің ондай мүмкіндігі жоқ.

– Сіздің ойыңызша, Эфиопияда біздің елге инвестиция салатындай әлеуетті компаниялар бар ма?

– Өкіншіке қарай, Эфиопия ондай деңгейде емес. Ол инвестиция салатын ел емес. Олардың сыртқы саясаты донор, демеуші, инвестор іздеуден ғана тұрады. Сондықтан барлық елдермен қарым-қатынасқа түседі. Эфиопия 2013 пен 2016 жылдар арасында ЕО елдерінен 30 млрд доллар көмек алған ел. Сондықтан айтып отырмын: кейбір елдер Қазақстанға инвестиция салса, кейбір елдерге Қазақстан да инвестиция сала алады. Эфиопия диверсификацияны қалайды. Олар тек қытайлықтарды, америкалықтарды, үнділерді, түріктерді, кәрістерді ғана көруге құмар емес. Бәріне есігі ашық. Қиындықтар бар. Оларда әлі де банк жүйесі дамымаған. Өзі инвестиция салған қаржысын қайтып алып кету инвестор үшін өте күрделі.

– Эфиопияның қандай нарығында біздің кәсіпкерлерге инвестиция салу тиімді болар еді?

– Ең алдымен тау-кен саласында. Бұл өте пайдалы сала. Аздаған инвестициядан бастап көруге болар еді. Көмектесе алатын мамандарымыз да бар. Қазақстандық ЖОО түлектері. Олардың білімі де, тәжірибесі де бар. Әрине, инвесторлар үшін тек қаржылық жағдай ғана басты назарда болмауы тиіс, оның мүддесін қорғайтын заңгер, адвокаты да болуы керек. Екіжақты келісім алаңын жасап үйрену қажет. Бірақ бұл жолға түссек, уақыттан ұтыламыз. Параллель түрде жұмыс істеу керек. Егер инвестиция тым қомақты болса, онда екі жақты заң керек. Егер азын-аулақ инвестиция болса, онда жұмысты бүгін бастап кеткен абзал.

Сұқбатыңызға көп рақмет!

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер