«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сервистік қолдау 2500 жаңа жобаны ашуға мүмкіндік берді

2018 жылғы 25 Желтоқсан
- Қарағанды облысы
9003 просмотров

Өткен жылы Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында қаржылай емес қолдау бойынша 8 бағытта 3056 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар «Атамекен» сервистік қолдауды онлайн форматында да жүргізуде

Сервистік көмек неден құралады және биыл қандай жаңашылдықтар енгізілгені жайлы Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жақсылық Ахметбеков хабарлады.

– Жақсылық Құрметұлы, сервистік көмек неден құралады және кімге көрсетілетін жайлы айтып берсеңіз.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басымдыққа ие бағыттарының бірі бизнесті сервистік қолдау екені белгілі. Ұлттық палата «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қаржылай емес қолдау операторы болып отыр, бұл қызмет: жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау, моно қалалар, аудан мен ауылдарда мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпаратпен қамту, «Бизнес-мектеп» жобасы, «Іскерлік байланыс» жобасы, «Аға сеньорлар» жобасы сияқты бес бағыт бойынша жүзеге асуда. Бірден айтайын, жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік көмек тегін жасалады.

Кәсіпкерлер бухгалтерлік және салықтық есеп, кедендік процедуралар, меркетингтік қызметтер, заңгерлік қызмет, мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларымен байлнаысты мәселелер бойынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында қызмет түрлерін ала алады.

Мұндай қолдау жақсы демеу, өйткені кәсіпкерлерге мәселелерді жалғыз шешу қиындау, сонымен қатар сервистік көмек шеңберінде білікті мамандар кеңес береді, онлайн мүмкіндіктер арқылы уақыт үнемделеді, сәйкесінше бизнес жүргізуде тиімділік артады. Қызметтеріміз ауыл тұрғындарына да қолжетімді. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары барлық аудан орталықтарында және моно қалаларда ашылған.  

 – Қандай қызмет түрлері сұраныста?

– Өткен жылы қаржылай емес қолдау саласында Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында 3056 қызмет түрі көрсетілді. Оларды 2492 кәсіпкерге 8 бағыт бойынша көрсетілді. Оның ішінде бухгалтерлік және салықтық есеп сұранысқа айтарлықтай ие. Мұндай қызмет түрін 523 субъект алды, заңгерлік қызметке 1065 кәсіпкер жүгінді, маркетинг қызметтері бойынша 495 кәсіпкер жүгінді.

– «Атамекен» 2018 жылы қандай жаңашылдықтармен таң қалдырды?

– Қарағанды облысы ӨКП Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылды. Бұрын кеңес берушілер мен менеджерлер атқарған қызметтердің басым бөлігі 15 шілдеден бастап онлай форматында қолжетімді болды. Аталған аймақта клиенттер өздері қызмет түрлерін ала алады. Кәсіпкер компьютер көмегімен өзіне қажетті қызметті онлайн алып, жеке кабинетін басқарады. Мемлекеттік органға өтінім жібереді, мемлекеттік сатып алулалр сайтында тіркеліп, салықтық есепті өткізе алады.

Жаңашылдықтар елдегі цифрландыру шеңберінде жүргізіліп отыр, және қызмет көрсетуді оңтайландыруға бағытталған. «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы шеңберінде қазіргі таңда өңірлік кәсіпкерлер палатасында реинжиринг және мемлекеттік қолдау шараларды автоматтандыру жүріп жатыр. Қызмет түрлерін кеңседен шықпай алуға болады. Өйткені, аталған қосымша services.atameken.kz сервисі арқылы смартфондарда да қолжетімді.

– Кәсіпкерлер сіз айтқан Atameken Services арқылы қандай көмек ала алады?

– 2018 жылы Ұлттық палата мемлекеттік қолдау шараларды автоматтандыру және Atameken Services онлайн-платформа арқылы бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша нақты мақсат қойды. Онлайн-платформаны іске қосудан бастап 513 қарағандылық кәсіпкер қызметті үйден шықпай-ақ онлайн пайдаланды. Atameken Services сервисі кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсетуді қарастырады. Бухгалтерлік қызметтер, салықтық заңнамадағы жаңашылдықтармен танысу, заңгерлік сұрақтар бойынша кеңес алу, бизнес-жоспарды әзірлеу қызметі, маркетингтік қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері.

  Енді Atameken Services атты бірыңғай терезе барлық қызмет түрлерін топтастыру арқылы бизнесмендер онлайн-режимде түрлі қызметтерді ала алады. Нәтижесінде барлық қызмет түрлерін қарау мерзімі 50-60 күннен  1-3 күнге қысқарады деп күтілуде. Қазір кезең-кезеңмен осы межеге өту жүріп жатыр. Кәсіпкер бейне байланыс арқылы онлайн-режимде керек консультацияны алады. Қосымша мүмкіндік арқылы кәсіпкер 8 лот бойынша тегін әрі жылдам сервистік қызметтерді пайдаланады.

Егер біреу онлайн өтінім беру, қызмет түрлерін басқаруда қате жіберуге қорықса, онда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында залда жүрген менеджердің көмегіне жүгінеді. Енді Atameken Services кәсіпкердің жеке кабинетінде де қолжетімді.

– Кәсіпкердің жеке кабинеті туралы айтып кетсеңіз.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкердің жеке кабинеті» электронды порталын әзірледі. Онда бизнесмендерге арналған бірқатар тегін қызметтер топтастырылған.

Кәсіпкердің жеке кабинеті қалың бұқараға ашық және қолдануда оңай. cabinet.atameken.kz сайтына өтіп, тіркеудің талаптарын орындау арқылы әр бизнесменге қызмет пен ақпарат легі пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда қолданысқа бірқатар сервистер беріліп отыр. Күн санап қолданушылар саны артып келеді, бұл қызмет түрлерінің қажеттігі мен тартымдылығының айғағы.

 Мәселен, «Жылдам шақырту» пилоттық жобасы – бизнеске қашықтықтан және жедел топтың мәселе орын алған жерге шығуы арқылы қызмет көрсету. «100 тегін құжат» тетігі – атқарылған жұмысты өткізу-қабылдап алу актілері, келісімшарттар, сенімхаттар және басқа да маңызды құжаттардың дайын сапалы үлгілері. Мұндай құжаттар кез келген кәсіпкердің жұмысында қажет болады. Қазіргі таңда жеке кабинетке 100 құжат шаблоны жүктелген.

 «Адалдықты тексеру» сервисі арқылы кәсіпкерлер өздерінің әлеуетті әріптесін, жеткізушіні 40 көрсеткіш бойынша, атап айтқанда салықтық адалдық, әкімшілік және қылмыстық айыппұлдар, жосықсыз жеткізушілер тізілімі бойынша, сонымен қатар сатып алулар саласында оларда қажетті лезенция барын тексере алады. Осы ретте ҰКП сервисте банкроттық немесе жабылу алдында тұрған кәсіпкерлер туралы ақпараттың болуын қамтамасыз етуде.

 «Кәсіпкердің жеке кабинетіндегі» тағы бір маңызды сервис – «Digital КҚКО». Мұнда кез келген бизнесмен 61 қызмет түрін, бухгалтерлік және салықтық қызмет көрсету, ІТ қызметі, заңгерлік кеңес, кедендік процедуралар, қолдау шаралары туралы ақпарат, кәсіпкерлердің өтінімдерін сүйемелдеу, маркетингтік қызмет және басқа да қызметтер. Сонымен қатар өтінім тастап бизнес-оқуға қатысуға, бизнес-жоба мен сайт әзірлеу бойынша сүйемелдеуге жүгінуге болады. Басты ерекшелік – барлық қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады.

Айта кеткен жөн, «Жеке кабинет» қызметтер тізбегі бизнестің сұранысына қарай үнемі кеңеетін болады. Жуық арада «Мемлекеттік сатып алулардың бір терезесі» және «Несие агрегаторы» атты екі сервис іске қосылмақ. Онда кәсіпкерлер белгіленген формада өтінім бере алады, ал «Атамекен» ҰКП банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан қол жетімді қаржыландыру көздерін ұсынады.

– Бизнес-оқыту бойынша қандай жұмыс жүргізілуде?

– Бизнес-оқыту  «Бизнес-мектеп» жобасы шеңберінде тегін жүргізіледі, онда үш кезең – «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Өсу» және «Жобалық оқыту» қарастырылған.

«Бизнес-Кеңесші» жобасына кәсіпкер болу, болмауына қарамастан барлық ынталы қатыса алады. Аталған кезеңде кәсіпкерліктің психологиясы, маркетинг, заңгерлік аспектілер, қаржы және қызметкерлерді басқару, бизнес-жоба құрылымы қарастырылады.

Екінші кезең – «Бизнес-Өсу» жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге  бағытталған. Онда сатылымдар, келіссөздер жүргізу аспектілері тереңірек зерттеледі.

 «Жобалық оқыту»  құрауышы «Бизнес-мектептің» үшінші кезеңі болып табылады. Қатысушылар оларды қызықтырған тақырыпқа қарай топтарға бөлінеді. Оқу барысында біз тәлімгерлерді – облысымызда табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерді  шақырамыз, шеберлік сабақатар өтеді, соынмен қатар өндіріске барып, бәрімен танысу да бағдарламаға қосылған.

 «Бизнес-Мектеп» жобасынан бөлек, «Іскерлік байланыс» және «Аға сеньорлар» жобалары жүзеге асырылуда.

 – Сұранысқа ие бизнес-жобаны жүзеге асыру бойынша Палата қолдау көрсеткен нақты мысалдар бар ма?

– Мысалдар өте көп. Бастысы олардың барлығы нарықта сәтті жұмыс істеп  жатыр. 2018 жыл ішінде іске асқан жобалардың жалпы саны 414 бірлікті құрады, оның ішінде 61-і  екінші деңгейлі банктерде және Қарағанды облысындағы басқа да қаржылық институттарында жалпы сомасы 1,2 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды.

 Бизнесті қолдау құралдары қазіргі таңда жетерлік.

 Біз бизнес ашқысы немесе қолданыстағы кәсіпті кеңейткісі келетін әр кәсіпкерге кеңес беруге дайынбыз. Егер Сізде кез-келген кәсіпкерлікке қатысты мәселелер болса, онда Қарағанды облысы ӨКП Кәсіпкерлерді қаржылық қолдау департаментінің кеңесшілері мен сарапшылары көмек беруге дайын.

 Мекенжайымыз: Қарағанды облысы, Ермеков көшесі 29,  1-қабат, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, тел: 54-64-12. Call-орталық: 1432.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер