«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысы әкімдігінің бас маманы кәсіпкердің құқығын бұзғаны үшін сөгіс алды

2018 жылғы 08 Тамыз
- Жетісу облысы
4674 просмотров

Осыған дейін Алматы облысы Сарқан ауданының әкімдігінің салдарынан «Сыровятский» шаруа қожалығы жер аумағынан айрылып қала жаздаған. Белгілі болғандай шаруа қожалығы басшысының өлімінен кейін аудандық жер қатынастары бөлімі учаскені иесіз жер деп танып, үшінші тұлғаға уақытша жалға беру туралы қаулы шығарған.

Аталмыш мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралып, онда кәсіпкердің жесір әйелі Надежда Сыровятская жергілікті атқарушы органның әрекетіне шағымданған.

Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік орган істің мән-жайын анықтамай, жерді уақытша пайдалану құқығын үшінші тұлғаларға беру туралы асығыс шешім қабылдағанын атап өтті. Сонымен бірге, Азаматтық кодекс бойынша мұра мұрагерлік ашылған уақыттан бастап алты ай мерзімінде тапсырылуы тиіс.

«Мәселе қаралған соң, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі  Сарқан ауданының жер қатынастары бөлімінің шешімі бойынша заңдылық пен негізділікті анықтау үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне материалдарды жолдады», – деді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Думан Керімбаев.

Департамент жер учаскесі бойынша материалды қарастыру барысында Сарқан қаласының әкімі аппаратының бас маманы шаруа қожалығының басшысының қайтыс болғаны туралы анық емес мәлімет бергенін анықтады. Бұл өз кезегінде негізсіз шешімнің шығарылуына себеп болған.

«Жіберілген бұзушылықтар үшін Сарқан ауданының әкімі аппаратының бас маманы «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Жер учаскесін ЖШС-ға уақытша жер пайдалануға беру туралы қаулы алынып тасталынды. Жер учаскесі заңды мұрагерлерге қайтарылды», – делінген Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевтың ресми жауабында.

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер