«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бояулы – кәсіпкер қамқорлығындағы ауыл

2017 жылғы 26 Желтоқсан
- Жетісу облысы
10252 просмотров

Алматы облысы Балхаш ауданындағы Бояулы ауылы бір қарағанда қарапайым ғана. 2009 жылы жүргізілген санақта бұл ауылда 161 ғана адам тұратын. Ал бүгінде 32 отбасы бар. Тұрғын санының аздығы мен ауылдың шалғайлығына қарамастан, үлгілі елдімекен. Тұрғындардың айтуынша түрлі делегация мен маңызды қонақтар бұл ауылға жиі келеді. Бұл ауылда әлеуметтік түйткілді мәселе жоқтығын ерекше атап өткен жөн. Жолы жөнделген, үйге қажетті коммуникация тартылған, мектеп, спорт алаңы, медресе мен мешіт те салынған.

Алайда 15 жыл бұрын тұрғындардың жаппай қоныс аударуынан Бояулы қаңыраған ауылға айналып бара жатқан еді. Молдақасымовтар отбасы туған жердің болашағына алаңдады. «Туған жерге туың тік» дегенді ұстанған кәсіпкер ауылдастарға көмектесуді қолға алды. Бояулының тұрмысы өзгеріп сала берді. Гүлденіп, әл-ауқаты арта түсті. Осылайша кәсіпкер туған жерін өз қамқорлығына алды. Кәсіп иесі Бояулының дамуына шамамен 650 млн теңгеден астам қаражат құйған.

Азамат Молдақасымов «ABM Group» ЖШС директорлар кеңесін басқарады. Компаниялар тобы Қазақстанның энергетикалық секторының жобаларын жүзеге асырумен айналысады. Өзінің игі істері жайлы ашып айтуды ұнатпайды. Алайда қайырымды жанның жақсылығын ауылдастары жасырған емес.

Бояулыға кіре берісте «Ырысты, құтты мекен, туған жерім» деген жазудың өзінен-ақ ауылға деген құрмет пен жанашырлықты сезінесің.

Биыл Азамат Молдақасымов ауылдағы барлық жолды жөндеді. Оның сапасы аудандық, облыстық деңгейдегі жолдан кем емес. Ойдым-ойдым, тесік-шұңқыры бар жолды тіпті таппайсыз. Бояулы тұрғындары бұл жолмен мал да қуана жүреді деп қалжыңдайды.

    

Жолдың екі жағына электр тоғы жүргізілген. Бірнеше жыл бұрын ауылдағы барлық кабель, желілер, бағандар жаңартылған еді. Ауылда электр жарығы сөнбейді.

«Біздің Азамат барлық электр бағанын жаңартты. Бұрындары жарық жиі сөнетін. Техникалық заттарды қосуға қорқатын едік. Енді көңіліміз тыныш, алаңсыз теледидар көреміз. Ауылдағы ағайынның Азамат пен оның отбасына айтар алғысы мол. Тіпті біздің ауылымызға көшіп келіп, үй салып жатыр. 10-15 жыл бұрын бұл жайлы тіпті ойлау мүмкін емес. Ауыл жаңарды, гүлденді», - дейді ауыл тұрғыны Мейірхан Таңсықбаев.

   

Кәсіпкер ауылдағы тағы бір маңызды мәселені шешкен. 7-8 жыл бұрын су станциясын салып, барлық үйге қажетті коммуникация жүргізілген. Әр үйде ыстық су, суық су, дәретхана мен душ жүргізілген. Әдеттегі су ағызатын колонканы ешкім пайдаланбайды.

  

Шаңырақтың иесі Қайрат Уатаев ванна бөлмесіндегі санитарлық торапты көрсетіп, көрген жұрт таңданыстарын жасырмайтындығын айтты.

   

«Мен бастауыш мектепте күзетшімін. Екі ұлым, бір қызым өсіп келеді. Азамат Балтағұлұлын әрдайым үлгі етемін. Қада болсаңдар да жақындарыңа көмектесіңдер деп айтып отырамын. Біз жақсылық жасауды тоқтатпауымыз керек. Бұл өмірде өзіңді ұмытса да, игі ісің мен жақсылығыңды естен шығармайды», - деді Қайрат Уатаев.

Бұл ауылда өскелең ұрпақтың игілігі үшін де жақсы бір іс атқарылған. Кәсіпкер өз қаражатына бастауыш мектептің ғимаратын жөндеп, материалдық-техникалық базасын жаңартып берген. Мұғалім Жанар Бектұрғанованың айтуынша, мектепте спорт залы, оқу кабинеті, мұғалімдер бөлмесі мен медициналық кабинет те бар.

 

«Мектепте бастауыш сыныптың екі мұғалімі жұмыс істейді, онда 9 бала білім алады. Ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Олар автобуспен барып-келеді. Азаматтың қолдауымен кешенді жөндеу жұмысы жүргізілді. Қажетті жиһаз бен жабдық алынды», - дейді Жанар Бектұрғанова.

Ауылда футбол алаңы да бар. Ардагер Байділдә Нарбаев атындағы көшеде мешіт пен медресе салынған. Мешітке кәсіпкердің әкесі Молдағұл Сапарбайұлының есімі берілген. Мешітке келушілердің қатары көп, әсіресе жұма күні.

 

 

Мейірхан Таңсықбаевтың айтуынша ауылд тұрғындары ислам дініне берік. Сондықтан мерекелік шаралар мен жиын-той арақ-шарапсыз өтеді. Ауылда тіпті сатылмайды да.

Мешітке қарама-қарсы медресе салынған. Бұл еліміздегі үлкен медресенің бірі. 2015 жылдың мамыр айында ашылған медреседе 30 жас білім алған. Діни ғимаратта екі оқу сыныбы, оқу залы, асхана мен жатақхана орналасқан. Кітапхана қоры бай. 12 мыңнан астам кітап бар.

Тіпті бұрындары ауылда дүкен болмаған еді. Ауыл тұрғындары 10 шақырым жердегі Бақанас ауылына қатынайтын. Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын бұл мәселеге де көңіл бөлді. Арнайы орын салып, ауыл тұрғындарына тегін беріп, саудамен айналысуға жағдай жасады.

«Көріп отырғандарыңыздай бір азамат бір ауылды қамқорлығына алып отыр. Бұл ауылдың гүлденуіне жыл сайын ондаған миллион қаражат құйылып отыр. Бұның барлығын да қайтарымсыз, тегін, жақсы ниетпен атқарып келеді. Жақында ғана «100 жаңа есім»байқауы аяқталды. Біз осы жандардың арасында Азамат Молдақасымов та болу керек деп есептейміз. Бір Азаматтың арқасында ауылдағы барлық мәселе шешіліп отыр», - деді Мейірхан Таңсықбаев.

Ауыл тұрғындары болашақта тұрғын үй мен саябақ салынатындығы жоспарда бар екенін айтты. Азамат бұл іспен тоқтап қалмайды.

Кәсіпкердің бастамасы мен игі ісі нағыз рухина жаңғыру, туған жерге деген құрмет екені анық. Кәсіпкер ұлтын сүйетінін, туған жерін қадірлейтінін ісімен дәлелдеп келеді. Дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын туған жерге қызмет ете отырып жалғастырып отыр. Біл жақсы бастаманың барлығы да мемлекеттік тапсырыспен атқарылып отырған жоқ. Ауылдың гүлденуіне, ағайынның әл-ауқатының артуына деген жанашырлықтың белгісі екені даусыз.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер