«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бос жатқан жерді бергілері келмеген

2016 жылғы 24 Қараша
- Жетісу облысы
4996 просмотров

Текелі қаласы әкімдігі кәсіпкерге жер беруден негізсіз бас тартып келген 

Көп жылға созылған мемлекеттік орган мен кәсіпкер арасындағы текетірес ақыры кәсіпкердің пайдасына шешілді. Текелі бизнесмені Борис Измайлов – тас кесетін цехтың иесі. Кәсіпкер 1989 жылдан бері бизнес жасап, 15 адамды жұмыспен қамтып келеді. Өткен жылдың маусым айында ол әкімдікке өндірісті өркендету үшін 0,10 гектар қосымша жер сұрап, өтінім береді. Ол сұраған жер бұрын ешкім қолданбаған, босқа жатқан, әрі жол қозғалысына да, тұрғын үйлерге де кедергі келтірмейтін аумақ болғанын ескерткіміз келеді. Бірақ шенеуніктердің ол телімге қатысты өз пікірі бар екен. Измайловтың өтінішін әкім мақұлдағанмен, мемлекеттік орган тарапынан негізсіз талаптар қойылған. Мәселен, сәулет пен қала құрылысы бөлімі ситуациялық сызба мен көршілер және іргелес жатқан көшелердегі тұрғындардың жазбаша келісімі жоқ депті. Бұрын кәсіпкер бұл бөлімге тұрғындардың жазбаша жауабын өткізген екен. Одан бөлек, санитарлық нормаларға тексеріс тағайындалған. Тексеріс тас кесетін цехтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екендігін көрсетті. Бірақ сонда да оң шешім шығарылмады. Мұндай қағазбастылық осылайша тағы бірнеше айға созылады.

Кәсіпкер амалы құрып, Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалынан көмек сұрайды. Измайловтың шағымы бойынша, мемлекеттік органдардың қатысуымен кездесу ұйымдастырылады. Сәулет және қала құрылысы бөлімі кәсіпкердің ол жерге құрылыс салғысы келетінін біліп, рұқсат бермегендігі анықталды. Бірақ басында өтінім беруші тек өз аумағын ұлғайтып, қоршап, онда құрылғыларын жинап қою үшін жер сұраған. Бөлім басшысы Болат Андасов мұндай жағдайда бұрынғы қабылданған шешімдерді қайта қарастыруға болады деді. Одан басқа, прокуратура өкілі мемлекеттік орган қойған талаптың заңдылығын қайта тексеретін болды. Кездесуде Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен әкімшілік кедергілері азайту бөлімінің сарапшысы Рақым Жанысов мемлекеттік органның өтінішті кері қайтаратындай себебі жоқ екенін айтты. 

«Жер кодексіне сай кәсіпкер қосымша жер алуға құқысы бар. Өз қызметі аясында ол жер заңнамасын бұзбаған, сондықтан жер бермейтіндей себеп жоқ», – деп түсіндірді сарапшы.

Дөңгелек үстелдің нәтижесінде бұл өтінішті қайта қарауға шешім қабылданды. Палатаның көмегінің арқасында бір аптадан соң қалалық жер комиссиясы кәсіпкерге жер беру туралы шешім шығарды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер